ДИКТОР: Бүгін Қазақстан мектептерінде көктемгі демалыс басталды. Мерекелерді ескере отырып, оқушылар 29 наурызға дейін, яғни 10 күн демалады. Осы кезеңде кәмелетке жасы толмағандар үшін тәрбиелік және бос уақытты тиімді ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Оқушылар бос уақытын қалай өткізеді? Өңірде балалардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Әріптесіміз баяндасын.
РКС: Көктемгі демалыс кезінде оқушылар «Адал Азамат» бірыңғай бағдарламасы аясында түрлі тәрбиелік іс-шараларға қатысады. 27 наурызда Щучинск қаласында дебат турнирі өтеді. Онда жас спикерлер «Заң және тәртіп» қағидатын талқылайды. «Қамқор» әлеуметтік жобасы аясында волонтёрлер зейнеткерлерге тұрмыстық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, балалар үшін сауықтыру шаралары да қарастырылған. Кешеден бастап оқушылар «Балдәурен» лагерінде демалуда.
СНХ: АЙГҮЛ МАГАВИНА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Қысқы, күзгі, көктемгі немесе жазғы демалыс кезеңінде өңірде лагерьлер жұмыс істейді. Атап айтқанда, Бурабай ауданында орналасқан «Звёздный» балаларды сауықтыру орталығы және Сандықтау ауданындағы «Жас Дәурен» лагері. Көктемгі демалыс кезінде де балаларды осы лагерьлерге жолдау жалғасады. «Жас Дәурен» лагерінде Целиноград, Аршалы, Бурабай, Есіл, Егіндікөл, Біржан сал аудандары мен Қосшы қаласынан 80 бала келіп, демалады. Ал «Звёздный» лагерінде келісімшарт негізінде Көкшетау мен Степногорск қалаларының 30 оқушысы демалады.
РКС: Демалыс кезінде жалпы білім беретін мектептер де жұмысын жалғастырады. Оқушылар үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысады. Ақмола облысында қосымша білім беретін 47 ұйым бар. Олардың қатарында балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары, музыкалық және спорт мектептері бар. Сонымен қатар, өңірдегі жекеменшік 66 ұйымға қосымша білім беру бойынша мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Аталған үйірмелерге 10 мыңға жуық оқушы тегін қатысады. Жалпы, жергілікті билік балалардың бос уақытын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Дегенмен, демалыс кезінде құқықбұзушылық тәуекелі мен кәмелетке жасы толмағандардың ересектердің қарауынсыз қалу қаупі артады, – дейді құқық қорғау органдарының өкілдері.
СНХ: АЙҒАНЫМ БЕКБОЛАТОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ АҒА УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ: Демалыс кезінде балалардың бос уақыты айтарлықтай көбейеді. Осыған байланысты олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерде жүруі, сондай-ақ құқыққа қарсы әрекеттерге тартылу қаупі артады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, кәмелетке жасы толмағандарға ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнде далада болуға тыйым салынады. Бұл талапты бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеледі және ол кәмелетке жасы толмағандарға да, олардың ата-аналарына да қолданылады. Демалыс кезеңінде кәмелетке жасы толмағандардың бос уақытын бақылау күшейтілді. Ювеналды полицияның негізгі міндеті – жазалау емес, құқықбұзушылықтың алдын алу және кәмелетке жасы толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
РКС: Жыл басынан бері өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 20 пайыздан астамға төмендеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ювеналды полиция қызметкерлері профилактикалық рейдтер жүргізіп, кәмелетке жасы толмағандармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын өткізуде. Сонымен қатар, тәуекел тобындағы отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізілуде.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.