ДИКТОР: Келесі жылы елімізде көлік салығына қатысты маңызды өзгерістер күшіне енеді. 11 жылдан асқан автокөліктер үшін салық айтарлықтай төмендейді. Бұл шешім ескі көлік иелеріне түсетін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.
РКС: Жаңа ережелерге сәйкес, 11 мен 20 жыл аралығындағы көліктерге 0,7, ал 20 жылдан асқан автокөліктерге 0,5 коэффициенті қолданылады. Соның нәтижесінде салық мөлшері 30-дан 50 пайызға дейін қысқарады. Есептеу кезінде көліктің қозғалтқыш көлемі және 1 айлық есептік көрсеткіш негізге алынады.
СНХ: НАЗГҮЛ АЮПОВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Биыл жүк тасымалдауға арналған платформасы бар және жүргізуші кабинасы жүк бөлігінен қатты, стационарлық қалқамен бөлінген моторлы көлік құралына, яғни пикап автомобильдеріне қатысты бір шаруа немесе фермер қожалығына бір көлік құралы бойынша салығын есептеуден босату нормасы енгізілгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, барлық меншік иелері санаттары үшін жеңіл автомобильдерге салықты есептеу кезінде пайдалану мерзіміне қарай түзету коэффициенттерін қолдану нормасы енгізілді. Енгізілген өзгерістерді ескере отырып, салықты есептеу 2027 жылы жүргізіледі, төлеу мерзімі 2027 жылы 1 сәуір күні.
РКС: Бұл өзгерістер тек ескі көліктерге ғана емес, жаңа әрі қозғалтқыш көлемі үлкен автокөліктерге де әсер етпек. Қозғалтқышы 4 литр болатын көліктер үшін де салық мөлшері төмендейді. Бұдан бөлек бірқатар азамат бұрынғыдай жеңілдіктерді сақтап қалды. Олардың қатарында екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген азаматтар, мүгедектігі бар жандар және көпбалалы аналар.
СНХ: НАЗГҮЛ АЮПОВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 2025 жыл бойынша салықты есептеу биылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған Салық кодексінің нормаларына сәйкес жүргізіледі. Осыған байланысты аталған кезең үшін 171 мың жеке тұлға көлік құралдарына салынатын салық бойынша 4 миллиард теңгеден астамына салық міндеттемелерін орындауы тиіс. Биылғы жылдың өткен кезеңінде бюджетке 159 миллион 800 мың теңге түсті.
РКС: Кәсіпкерлерді қолдау және салықтық есепті жүргізу сапасын арттыру мақсатында Қаржы министрлігі 30 маусымға дейін «Халықтық бухгалтер» акциясын ұйымдастыруда. Акция аясында консультацияларды кәсіби есепшілер мен аудиторлар, сондай-ақ кәсіби есепші бірлестіктері жүргізеді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ