ДИКТОР: Жыл басынан бері сапасыз тауар сатып алған қазақстандықтарға шамамен 3 миллиард теңгеге жуық қаражат қайтарылған. Мамандардың айтуынша, тұтынушылардан түсетін шағымдардың басым бөлігі тұрмыстық техника мен электроникаға қатысты. Көп жағдайда сатып алушылар арзан бағаға қызығып, тауардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарға мән бермейді. Соның салдарынан кейін түрлі келеңсіз жағдайларға тап болады. Ал шаһардағы сауда орындарында сатылып жатқан тұрмыстық электр техникасы қаншалықты қауіпсіз? Тұтынушы сатып алу кезінде нені ескеруі керек? Тілші баяндайды.

РКС: Елімізде тіркелетін өрт оқиғаларының жартысына жуығы тұрмыстық техниканың ақауынан шығатыны белгілі. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың орын алуына көбіне сапасыз әрі арзан өнімдер себеп. Әсіресе күмәнді сауда орындарынан алынған техниканың қауіпсіздігі үлкен қатер төндіруі мүмкін. Осындай талапқа сай келмейтін бірқатар тауарды облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің мамандары анықтаған.

СНХ: ЕРБОЛ ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ МЕТРОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Тауарлардың сапасын бақылау мақсатында қаладағы бірнеше сауда нүктесінен бірқатар электр құрылғылары сатып алынды. Кейін олар аккредиттелген зертханада техникалық талаптарға сәйкестігі бойынша тексерілді. Нәтижесінде кейбір өнімдердің белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтіні анықталды. Мұндай тауарлар сатылымнан алынып, сатушыларға әкімшілік шара қолданылды. Заң талаптарын бұзу айыппұл салуға және әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

РКС: Мамандар әсіресе интернет арқылы тапсырыс беріп алынатын тұрмыстық техниканың қаупі жоғары екенін айтады. Сондықтан қандай да бір құрылғыны сатып алмас бұрын оның сәйкестік сертификатын тексеріп, сапасына көз жеткізу маңызды.

СНХ: ЕЛЕНА РАЗДЬЯКОНОВА, АВТОРИЗАЦИЯЛАНҒАН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тұтынушылар көбіне техника сатып аларда кепілдік шарттарына мән бермейді. Құрылғы істен шыққан кезде ғана қызмет көрсету орталығына жүгінеді. Ал бұл – дұрыс емес. Әр тауардың кепілдік құжаты болуы тиіс. Нарықтағы танымал брендтер өнім бұзылған жағдайда жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер мен кепілдік қызметін ұсынады. Ал жосықсыз өндірушілер мұндай мүмкіндіктерді қарастырмайды. Соның салдарынан кей жағдайда техниканы жөндеу мүмкін болмай қалады. Нәтижесінде тұтынушы қаржысынан да, қауіпсіз өнімнен де қағылады.

РКС: Ал заң талаптарына сәйкес, тауар қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ техника құралдарын сатуға тыйым салынған. Мұндай жағдайда сатушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескерген жөн. Ал сапасыз тауар сатып алға тұтынушылар облыстық техникалық реттеу және метрология департаментіне шағымдана алады. Сондай-ақ e-Otinish платформасы арқылы онлайн өтініш беруге болады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ