ДИКТОР: Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағытының бірі. Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Мәселен, цифрлық шешімдер мен қызмет көрсетудің жаңа форматтары енгізіліп жатыр. Бұдан былай кейбір рәсімдер науқастың жеке қатысуынсыз, сырттай жүргізіледі. Жалпы мүгедектік қалай белгіленеді? Өңірде мұндай қолдауға қанша адам мұқтаж? Тілшіміз жалғастырады.
РКС: Елде азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік қолдауды кеңейтуге бағытталған бірқатар шара жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аумақтық бөлімшелерінің негізгі бағытының бірі – медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу. Оның аясында мүгедектік белгіленіп, еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін анықтау. Сонымен қатар, қажетті әлеуметтік қолдау шаралары да тағайындалады.
СНХ: НҰРЛАН ШЕРИЯЗДАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК, ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ КӨШІ-ҚОН ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Биыл Ақмола облысында 30 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тіркелді. Бұл өңір тұрғындарының 0,4 проценті. Оның 3400-ге жуығы бірінші, 10704-і екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар 12135 адам. Сонымен қатар, 3744 кәмелеттік жасқа толмағандар. Ал, 1269 балғын 7 жасқа жетпегендер. Ерекше балалар арасында бірінші топта - 208, екінші топ санатына - 1110 және үшінші топта 1147 бала бар. Бұл көрсеткіш соңғы 3-4 жылда тұрақты деңгейде сақталып келеді.
РКС: Медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдаманы емханалардың дәрігерлік-консультациялық комиссиялары рәсімдейді. Құжаттар ақпараттық жүйеге түскеннен кейін науқасқа рәсімнен өтуге шақыру туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Жүйені жаңғырту аясында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер мен цифрлық шешімдер енгізілуде, - дейді сала мамандары.
СНХ: НҰРЛАН ШЕРИЯЗДАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК, ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ КӨШІ-ҚОН ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Біріншіден, аурулардың ауырлық деңгейін автоматтандырылған түрде есепке алу қағидаларын енгізу арқылы өмір сүру қызметінің шектелуін бағалаудағы субъективтілікті жойып, сараптама жүргізу жүйесін жетілдіру. Екіншіден, мүгедектікті белгілеу кезінде медициналық ақпараттық жүйелерден алынатын объективті деректердің негізінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту. Үшіншіден, мүгедектігі бар адамдарға арналған техникалық оңалту құралдарын автоматтандырылған режимде іріктеу жүйесін енгізу. Сырттай форматта куәландыру қызмет алушының жеке қатысуынсыз жүргізіледі. Ал, ол үшін мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясы арқылы электронды форматта түскен медициналық құжаттары негізге алынады.
РКС: Қазір сырттай куәландыруға жататын аурулар тізіміне 13 тізімдемесі ензігілген. Бұл өңір бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысының 45 процентіне тең .
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ