ДИКТОР: Еліміздегі саяси науқаннан көпбалалы аналар да қалыс қалған жоқ. Қазақы салт-дәстүрді ерекше дәріптейтін отбасылар әз-Наурыз мейрамы қарсаңында өтіп жатқан референдумға ұлттық киім киіп келіп, өз таңдауларын жасады.

РКС: Жалпы бүгін аймақтағы дауыс беру учаскелерінде қазақтың дәстүрін айшықтайтын көріністердің куәгері болдық. Қолында қыраны, үстінде ұлттық шапаны, жүзінде мерекелік көңіл күймен келген азаматтар референдумның сәнін келтіріп, халқымыздың дәстүрге деген құрметі мен ел болашағына деген жауапкершілігін айшықтай түсті. Сондай-ақ дауыс беру учаскелеріне отбасыларымен бірге келіп, маңызды саяси науқанға белсенді қатысқандар баршылық. Осындай ерекше көңіл күймен көпбалалы ана Елена Тасыбекова да отбасымен бірге дауыс беруге келді. Ұлттық киім киген ол бүгінгі таңдауы - балалардың болашағына оң әсер етеді деген үмітте.

СНХ: ЕЛЕНА ТАСЫБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Біз бүгін ерекше көңіл күймен келе жатырмыз. Мен өзім көпбалалы анасымын. Балаларым үшін дауыс бердім, өз таңдауымды жасадым. Бәрімізге келе жатқан Наурыз жаңа құт-береке әкелсін! Бәрімізге қайырлы болсын! Аман болайық!

РКС: Жалпы шаһардағы №19 мектеп ғимаратында үш референдум учаскесі орналасқан. Соның бірі - №43 учаске. Мұнда 2452 дауыс беруші тіркелген. Дауыс беру барысын байқаушылар жіті қадағалап, ашықтық пен әділдіктің сақталуына атсалысты.

СНХ:СӘУЛЕ ЖҰМАШЕВА, №43 УЧАСКЕЛІК РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Осы учаскеге бекітілген азаматтардың 64 проценті дауыс берді. Жалпы таңғы сағат 7-ден бастап дауыс берушілердің жоғары белсенділігі байқалды. Тұрғындар дауыс беруге көтеріңкі көңіл күймен келіп, өз азаматтық ұстанымдарын білдірді. Биыл 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс берген 6 жас тіркелген. Оларға арнайы ынталандыру сыйлықтары табысталды. Дауыс берушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында учаскеде ақпараттық стендтер орнатылды. 9 адам үйден дауыс берді. Жалпы, саяси науқан ашық әрі қалыпты жағдайда өтті деуге болады.

РКС: Жалпы, шаһар бойынша 79 референдум учаскесі жұмыс істеді. Онда 139 мыңға жуық дауыс беруші тіркелді. Еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын әр азамат өз таңдауын жасап, дауыс берді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ