ДИКТОР: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы мансап орталығы бітіруші түлектерге бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды. Шараға өңірдегі білім саласының өкілдері қатысып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы студенттерге жан-жақты ақпарат беріп, оларды жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен таныстырды.
РКС: Мансап орталығы ұйымдастырған бұл жәрмеңке жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Биылғы шараға 14 ауданнан, сондай-ақ қала мектептерінен 140-қа жуық директор мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Былтыр университет түлектерінің 91 процентін жұмысқа орналастырса, ал биыл шамамен 700-ден астам түлек оқуын аяқтамақ.
СНХ: АЙЖАН ТӘЖМИЕВА, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ МАНСАП ЖӘНЕ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біз бос жұмыс орындары туралы ақпарат жинап, студенттерге ұсынып отырдық. Бүгінде, әсіресе, математика, шет тілдері, орыс тілі және қазақ тілі пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Сондықтан бүгін жұмыс берушілер өздеріне қажетті болашақ мамандарды табады деп сенеміз.
РКС: Мектептер тарапынан жас мамандарға арналған мемлекет ұсынатын жеңілдетілген бағдарламалар да кеңінен таныстырылды. Сондай-ақ кейбір елді мекендердегі білім беру ұйымдарының басшылары жас педагогтерге жергілікті серіктестіктер тарапынан қосымша қолдау көрсетілетінін атап өтті.
СНХ: СӘУЛЕ ҚАБЫЛОВА, МӘДЕНИЕТ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: (САНДЫҚТАУ АУДАНЫ): Бүгін біз бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне қатысып жатырмыз. Бізге орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қажет. Жас мамандар баспанамен қамтылады. «Мәдениет» серіктестігі бізге бір бөлмелі пәтер беріп отыр. Қазір онда жас мамандар тұрып жатыр. Пәтердің аумағы кең, сондықтан бірге тұруға болады. Сонымен қатар бізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бар. Биыл аудандық бюджеттен 432 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бірақ мамандар ол үшін біздің мектепте үш жыл жұмыс істеуі тиіс.
РКС: Зәмзәгүл Көбенова – аталған жоғары оқу орнын аяқтағалы отыр. Ол 2022 жылы «Серпін» бағдарламасы аясында оңтүстік өңірден келген. Түлек төрт жыл бойы жинақтаған білімін кез келген жерде тиімді қолдана алатынын айтады. Қала мен ауыл деп бөлмей, қай өңірде болса да еңбек етуге дайын екенін жеткізді.
СНХ: ЗӘМЗӘГҮЛ КӨБЕНОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 4 КУРС СТУДЕНТІ: Шоқан Уәлиханов университетіне 2022 жылы оқуға түстім. Қазір міне араға 4 жыл салып Қазақ әдебиеті мен қазақ тілі мамандығы бойынша бітіріп жатырмын. Бізде грант бойынша Ақмола облысында 2 жыл отработкамен жұмыс жасау керек. Бұл тарапта бізге көптеген ақпараттар беріліп жатыр. Қандай жер болмасын, ауыл болсын, округ болсын баруға дайынмын. Жер таңдаймын деп айта алмаймын.
РКС: Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер мен болашақ жас мамандар өзара қызығушылық танытқан жағдайда алдын ала келіссөз жүргізіп, тікелей байланыс орнатады. Ал студенттер дипломдарын алғаннан кейін жұмыс берушілермен ресми түрде келісім-шарт жасасып, еңбек жолын бастай алады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ