ДИКТОР: Көкшетауда жыл басынан бері екінші рет мамандандырылған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Бұл шара жұмыс табуы қиындау, яғни жұмыссыздарға, пробация қызметінің есебінде тұрғандарға, бұрын сотты болғандар мен алимент бойынша қарызы барларға арналған. Жәрмеңкеге 150-ге жуық жұмыс іздеуші қатысты.

РКС: Биыл 24 мың адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Қазір жұмыспен қамту орталықтары мен ұлттық жобалар арқылы 5 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылды. Бүгін өңірдегі 31 кәсіпорын өздеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Олар шамамен 90 жұмыс орнына шақырды.

СНХ: ШОЛПАН РАХМАТУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бізде жұмысқа орналастыру бос жұмыс орындары арқылы жүзеге асырылады. Яғни қазіргі уақытта егер адамның білімі болмаса, біз қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастырамыз. Ол үшін облыс бойынша арнайы анкета мен тұтас алгоритм әзірленген. Екі апта бұрын ғана түрлі өкілдердің қатысуымен кеңес өткіздік. Қазір біз жұмыс берушілермен мақсатты түрде, жеке-жеке жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Яғни әр жұмыс берушінің жыл соңына дейін қандай бос орындарға адамдарды жұмысқа қабылдай алатынын анықтаймыз. Сонымен қатар әрбір өтінім берушімен, жұмыс іздеп жүрген әр азаматпен жеке жұмыс жүргізіледі.

РКС: Бос жұмыс орындарын іздеуге көмектесуден бөлек, мемлекет өз ісін ашқысы келетін азаматтарды да қолдайды. «Бастау Бизнес» жобасы аясында өңір тұрғындары кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтеді. Бүгінге дейін 300-ден астам адам курсты аяқтады, олардың 112-сі қолына білім алғаны туралы сертификат алды.

СНХ: БОЛАТ ШӘРІПОВ,ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазір мемлекет белгілі бір санаттағы азаматтарға қолдау көрсетеді. Бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Соның ішінде субсидияланатын жұмыс орындары бар. Олар — қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары.Сонымен қатар бізде «Бастау Бизнес» бағдарламасы бар. Бұл белгілі бір санаттағы азаматтарға арналған, яғни өз кәсібін бастау үшін 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант беріледі. Бұл бағдарлама мүгедектігі бар адамдарға, көпбалалы отбасыларға, табысы төмен азаматтарға арналған. Бағдарламаның шарттары бойынша олар «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында оқудан өтуі керек, кейін бизнес-жоспар құрып, мемлекеттік кірістер органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Одан кейін өз бизнес жобасын қорғап, грант алып, кәсіптерін дамыта алады. Олар келер жылдары да өз ісін дамытып отыруы керек.

РКС: Жұмыс іздеушілер мұндай кездесулер тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік беретінін айтады. Кейбірі жәрмеңкеге бірнеше жыл қатарынан келіп, өзіне лайықты жұмыс табады. Айта кету керек, жастар көбінесе гуманитарлық бағытты таңдайды. Ал өндіріс саласында кадр тапшылығы сезілуде. Жұмыс берушілер қызметкерлерді қабылдаумен қатар, жаңа мамандарды оқытып, бейімдеуге де дайын екендерін атап өтті.

СНХ: ЕРЛАН МЫРЗАҒАЛИЕВ, «ENKI» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ӨНДІРІС ЖӨНІНДЕГІ БАСТЫҒЫ: Қазір жастардың көпшілігі басқа мамандықтарға оқып жатыр. Ал бізге токарь, слесарь, дәнекерлеуші, КамАЗ жүргізушісі, автобус жүргізушісі сияқты техникалық мамандар қажет. Бізге өте қажет кәсіптер. Өз ісінің нағыз кәсіби шебері атанған жұмысшылар керек. Сондықтан біздің есігіміз әрдайым ашық. Бәрін көрсетеміз, түсіндіреміз. Біздің командаға қосылып, жұмыс істесін. Қаланы бірге көркейтуге атсалысайық.

РКС: Еңбек мобильділігі орталығы жыл соңына дейін осындай тағы 60 жәрмеңке өткізуді жоспарлап отыр.

РИЗА ЖҰПАРИЯ, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ