ДИКТОР: Өңірде ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама өз ісін бастауға және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуге арналған қолжетімді қаржылық құралдарды ұсынады. Мемлекеттік қолдау тетіктері жүздеген азаматқа өз бизнесін заңдастыруға ғана емес, сонымен қатар ауылды жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік беріп отыр. Жеңілдетілген несиелеудің кәсіпкерлікті дамытуға қалай ықпал ететіні туралы әріптесім Томирис Идрисова баяндап береді.
РКС: Атбасар ауданының тұрғыны Аида Мейрамова «Ауыл аманаты» жобасына қатысу арқылы наубайхана жұмысын сәтті іске қосты. Кәсіп ашуға ол 8 миллион теңгеден астам жеңілдетілген несие алып, сол қаражатқа қажетті жабдықтарды сатып алған. Бүгінде наубайхана ауыл тұрғындарын жаңа піскен өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті 16 тұрғынға тұрақты жұмыс орнын ұсынып отыр.
СНХ: АИДА МЕЙРАМОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Біз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы арқылы несие алдық. Сол қаражатқа қамыр илеу құрылғысын және ең негізгі жабдық — пеш сатып алдық. 2024 жылдан бастап өндірісімізді іске қостық. Біз қалада алғашқылардың бірі болып бородин наны, асқабақ, қызылша қосылған және тағы басқа түрлі нан өнімдерін шығара бастадық. Бүгінде нан-тоқаш өнімдерінің 100-ге тарта түрі бар.
РКС: Бағдарламаның басты артықшылықтары — қолжетімді жеңілдетілген несиелер және өтеу мерзімінің икемділігі, яғни 7 жылға дейін беріледі. Істі тіпті кооператив құрамында да бастауға болады. Бүгінгі таңда облыс бойынша шамамен 500 тұрғын қолдау алған. Ал жалпы қаржыландыру көлемі 4 миллиард теңгеден асты.
СНХ: БЕРГЕН БЕСПАЛИНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Менің ойымша, «Ауыл Аманаты» жобасы өте белсенді әрі тиімді жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба — бірегей бастама, оның негізгі мақсаты ауыл тұрғындарының табысын арттыруға жағдай жасау. Бүгінде бағдарлама аясында 2,5 проценттік жылдық мөлшерлемемен 10 млн теңгеден астам несие алуға болады. Тағы бір маңызды артықшылығы — бірінші жылға несие бойынша жеңілдік кезең қарастырылған. Бұл несиелер мақсатты түрде беріледі, ең алдымен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Яғни, мал шаруашылығын қолдауға басымдық беріледі. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндірістерді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл әр азамат 10 млн теңгеге дейін несие ала алады, ал егер кооператив құру мақсатында болса, онда қаржы көлемі шамамен 30 млн теңгеге дейін жетеді.
ИНФОГРАФИКА: Әлеуетті қатысушылар қатарына жұмыссыз және қысқартуға іліккен азаматтар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ табысы төмен өндірістік кооперативтің мүшелері кіреді. Сонымен қатар, жеңілдетілген несиелеу тетіктері зейнет жасына жетпеген, кәсіпті енді бастаған және қолданыстағы кәсіпкерлерге де қолжетімді.
ИНФОГРАФИКА: «Ауыл аманаты»
Бағдарламаға келесі санаттағы азаматтар қатыса алады:
Жұмыссыздар
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар
Кәсібін енді бастаған кәсіпкерлер
Жұмыс істеп тұрған бизнес
Кооператив мүшелері
Қысқартуға іліккен тұлғалар.
РКС: Айта кету керек, енді билік әр өңірдің нақты қажеттіліктеріне қарай қаржыландырады. Биыл республикалық бюджеттен 100 миллиард теңге бөлінді. Негізгі басымдық ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге берілген. Бұл өз кезегінде шикізат өндірумен шектелмей, дайын өнім шығаруға мүмкіндік бермек.
ТОМИРИС ИДРИСОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ