ДИКТОР: Ақылды технологиялар Қазақстанның агроөнеркәсіп кешендеріне белсенді түрде енгізілуде. Еліміз бойынша 700-ге жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші өз қызметінде цифрлық шешімдерді қолданып келеді. Заманауи құрылғыларды ақмолалық шаруалар да пайдалануда. Целиноград ауданындағы ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны саналатын «Астана өнім» компаниясы барлық өндірістік процесті цифрландыруға екпін беріп отыр. GPS навигация, техникаға автоматтандырылған жабдық арқылы жанармай құю, электронды таразы және малдың арнайы белгілері тиімділік пен сапаны жақсартуға көмектеседі.
РКС: Кәсіпорында 20 мың гектардан астам ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер цифрландырылды. Барлық техника GPS-трекермен, жанар-жағар май деңгейін өлшейтін құралмен және нақты егіншілік жүйесімен қамтамасыз етілді. Ол ресурстардың шығынын бақылауға, тұқым мен жанар-жағар майдың артық шығынын жоюға, сонымен бірге дала жұмыстарының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
СНХ: АЗАМАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АВТОМАТТАНДЫРУ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕР: Былтырдан бастап цифрландыру мен автоматтандыруды бастадық. Биыл бұл жұмысты жалғастырып жатырмыз. Өткен жылы базаны, техниканы, аумақты, яғни цифрландырудың негізін дайындадық. Осылайша биыл цифрландыруды толық қолға алдық.
РКС: Ішкі логистика да өзгерді. Жанар-жағар май құю станцияларына бұрынғыдай оператор мен қағаз журналдар қажет емес. Әр жүргізушінің жеке картасы бар. Ал жүйе қанша жанар май құйылғанын және атқарылған жұмыстың көлемін автоматты түрде бақылайды.
СНХ: КИРИЛЛ ДУБОВЦЕВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ: «Астана Өнімде» көлік тізгіндеймін. Бұған дейін біз оператор арқылы жанар-жағар май құйып келсек, қазір тек карта арқылы жүзеге асырамыз.
РКС: Таразы кешеніне де автоматтандыру жүйесі енгізілген. Техника автоматты түрде өлшенеді, жүйе көліктің номерін айқындаған соң, мәліметтер бірден электронды бағаға түседі. Цифрлық ферма – жеке бағыт. Кәсіпорындағы барлық ірі қара мал басы біртіндеп арнайы белгімен қамтылуда.
СНХ: АЗАМАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АВТОМАТТАНДЫРУ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕР: Шаруашылығымыздың негізі – ірі қара мал басы. Қазір табынды цифрландырып жатырмыз. Олар толығымен RFID белгісімен белгіленеді. Зоотехниктер, ветеринарлар мен ұрықтандырушылар есептегіштермен жарақтандырылады. Егер ұрықтандырушы қандай да бір операция жасаса — ұрықтандыру, екпе ексе, оның бәрі дәптерге қолмен жазылып, Excel бағдарламасына көшіріліп, бухгалтерияға жіберілетін. Жұмыста, ақпаратта алшақтық болды. Сәйкесінше жедел шешім қабылдауда да олқылықтар орын алды. Ал қазір қалай жүзеге асырылуда? Әр сиырдың электронды өз белгісі бар. Ветеринар немесе ұрықтандырушы құлақ тұсынан есептегішпен өтеді, сәйкесінше,дәл сол ірі қара жөніндегі барлық дерек оның жеке планшетіне шығарылады.
РКС: Болашақта кәсіпорын барлық цифрлық элементті бір басқару жүйесіне біріктіруді жоспарлап отыр. Бұл басшылыққа нақты уақытта жылдам шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ