ДИКТОР: Бүгін - Ұлттық кітап және кітапханашылар күні. Атаулы күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген. Бүгінде елімізде 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Салада 20 мыңнан астам маман еңбек етеді.

РКС: Жыл басынан бері Қазақстандағы кітапханаларға келушілер саны 11 миллионнан асқан. Оқырмандар саны бойынша Ақмола облысы алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Мәселен, аймақ тұрғындары өңір кітапханаларына 700 мыңнан астам рет жүгінген. Ал осы көрсеткіште жастардың үлесі қандай? Цифрлық дәуірде олардың кітапқа деген қызығушылығы қаншалықты сақталған? Бұл сұрақ төңірегінде мамандардың пікірі әртүрлі болғанымен, түйіні бір.

СНХ: СӘБИТ ЖӘМБЕК, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Жасанды интеллект дейміз, прогресс дейміз, оның бәрі дұрыс. Бірақ оның бәрі адамның рухани дүниесін жалаңаштамау керек, жалаң қалдырмау керек. Оны рухани нұрымен, сәулемен толтырып отыруымыз керек, рухани толқыныстар жіберуіміз керек. Оны жасайтын мәдениет, кітапхана қызметкерлері, жазушылар-ақындар, оны таратын мәдениет саласының өкілдері.

СНХ: ГҮЛДЕН ҚАЖЫБАЕВА, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ПРОФЕССОР: Қазіргі кезде мынадай көзқарас қалыптасқан жастар кітап оқымайды деген. Жастар кітап оқиды. Кітапты оқыта білу керек.. Саналы ұрпақ тәбиелейміз десек, мемлекетшіл тұлғаларды қалыптастырамыз десек, қоғамның барлық саласында кітап оқу күнін ұйымдастыру керек. Қоғам осылай қалыптасады. Тек мұғалімнің мойнына жүктеп қою, кітапханашының мойнына жүктеп қоюға болмайды.

РКС: Қалай десек те, кітапхана қызметкерлерінің оқырман қызығушылығын арттырудағы шаралар легі толассыз жалғасуда. Мәселен, қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесі жылына 27 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Ал Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы жыл басынан бері шамамен 12 мың адамды қабылдаған. Мәдени-ағартушылық шаралармен қоса, әдеби кездесулер мен оқырмандар клубы тұрақты ұйымдастырылады. Сондай-ақ, бүгінгі атаулы күн ЮНЕСКО жариялаған Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен тұспа-тұс келеді. Осы ретте саладағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмауы тиіс. Мамандар өз кезегінде бүгінгі баспалардың көпшілігінде кәсіби редакциялық сүзгі жоқ екенін айтады. Соның салдарынан сапасыз, тексерілмеген, тіпті плагиат материалдар жарық көріп жатыр,-дейді.

СНХ: АЯН ҚАЖЫБАЙ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Баспа санын азайту керек емес, әрине. Кітаптардың шығарылуына сол жерде үлкен редакциялық алқа болуы керек. Қазір бір де бір баспада ондай редакциялық алқа жоқ. Аға-редактор жоқ, техникалық редактор жоқ, жауапты хатшы, көркемдеуші редактор жоқ, корректор атымен жоқ. Яғни оларға не әкелсең, тасқа баса береді. Ол - сұрапыл нәрсе, қауіпті нәрсе. Себебі авторлық құқық сақталмайды, плагиат деген бар, біреудің ойын ұрлау деген мәселеге орын беріп қойдық. Сондықтан да меніңше ғалымдар отыру керек, оқытушылық құрам отыру керек, кітап өзі оқуға жарай ма жарамай ма, қаншалықты апробациядан өтті деген сияқты – қысқасы, құзырлы комиссия отыру керек.

РКС: Демек, бұл сала әлі де жүйелі дамытуды қажет етеді. Ал атаулы күннің мемлекеттік деңгейде бекітілуі осы бағыттағы жұмыстарға жаңа серпін берері сөзсіз.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ