ДИКТОР: Көкшетауда ардагерлер арасында дойбы мен шахматтан облыстық турнир өтуде. Дәстүрлі дода облыстық ардагерлер кеңесі мен спорт басқармасының бастамасымен биыл 25-ші рет ұйымдастырылып отыр. Жарыс Жеңіс күні қарсаңына орай өткізіліп, ардагерлердің басын қосқан маңызды шараға айналды.

РКС: Бұл додаға өңірдің түкпір-түкпірінен 45-тен астам қатысушы жиналып, дойбы мен шахматтан өзара бақ сынауда. Жарысқа бірнеше дүркін чемпиондармен қатар, Жеңіс күніне арналған аудандық турнирлердің жеңімпаздары да қатысып отыр.

СНХ: СЕРІКБАЙ СЫЗДЫҚОВ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ (АРШАЛЫ АУДАНЫ): Аршалы ауданынан келдім шахмат турниріне. Бірінші ойыннан жеңдім. Қазір екінші тур болады. Соны күтіп тұрмын. Жаздың күні шахматқа, қыста шаңғыға шығып тұрамыз. Ардагермін. Былтыр да қатыстық осында. Жақсы қарсы алды. Ойын жақсы өтіп жатыр.

СНХ: МАНАР ҚАППАСОВА, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ (БІРЖАН САЛ АУДАНЫ): Облыстық турнирге бірінші рет қатысып отырмын. Аудандарда, ауылда ойнап тұрамын. Қарсыласым менен қарағанда жақсы ойнады. Мәселе жеңгенде емес, осыған келіп қатысудың өзі бір жақсы ғой. Барлық ойыншыларға сәттілік тілеймін.

РКС: Екі күнге созылған доданың жеңімпаздары ертең анықталады. Бұл дәстүрлі турнир жыл сайын соғыс және тыл ардагерлерінің есімін ұлықтау мақсатында өткізіледі. Бас қосқан ардагерлер тек спортта шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, жас ұрпаққа өнеге болуды да көздейді,-дейді ұйымдастырушылар.

СНХ: ДУЛАТ ЖҰРЫМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Осы турнир жастарға жақсы үлгі болады деп есептеймін. Ардагерлеріміз өздерінің ойынымен, келіп қатысуымен үлкен үлгі көрсетіп жатыр. Бүгін біраз аудандардан келіп отыр қатысушылар. 45-тей адам қатысып отыр. Оның ішінде 10 шақтысы дойбы, қалғаны шахматтан қатысуда.

РКС: Әр қатысушыға 50 минут уақыт берілген. Дегенмен, мықтылар жиналған тартысты кездесулердің кейбірі белгіленген мерзімге жетпей-ақ мәресіне жетіп жатты. Алғашқы кезеңде оза шапқан ойыншылар келесі айналымда сынға түседі. Мұндай жарыстар ардагерлер арасында жиі ұйымдастырылса, бұл өскелең ұрпаққа тағылымды үлгі болмақ.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ