ДИКТОР: Көкшетаудағы Aqmola Hub өңірлік IT-хабының алаңында аймақтағы IT саласының өсімі талқыланды. Digital Meetup форматындағы кездесу мемлекеттік құрылымдар, технологиялық бизнес және қоғам өкілдерін біріктірді. Бейресми жиынға қатысушылар өңірдің цифрлық дамуының негізгі бағыттарын талқылады.
РКС: Негізгі талқыланған тақырыптың бірі – жасанды интеллектті мемлекеттік басқару саласына енгізу. «Smart Aqmola» мекемесі басшысының орынбасары өңірде жасанды интеллектті дамыту стратегиясын таныстырды. Асылбек Байборанов бұл технологиялардың мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға және халықпен өзара байланыстың сапасын жақсартуға зор үлес қосатынын атап өтті.
СНХ: АСЫЛБЕК БАЙБОРАНОВ, «SMART AQMOLA» МЕКЕМЕСІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл бізде бірнеше ірі жоспар қарастырылған. Біріншісі – республикалық киберспорт турнирін өткізу. Бұл турнир алғаш рет Көкшетауда ұйымдастырылады, ал финалдық кезеңі офлайн түрде өтеді. Сонымен қатар, Tomorrow сияқты мектептер мен TUMO орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұгінде барлық жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде.
РКС: Кездесу ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар цифрлық трансформация бастамаларымен танысып қана қоймай, өздерін қызықтырған сұрақтарын да қоя алды. Өз ұсыныстарын билік өкілдерімен және даму институттарының өкілдерімен талқылады.
СНХ: ЖАНАР ШАЙМЕРГЕНОВА, «ЕУРАЗИЯЛЫҚ БАНК» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл іс-шараға қатыса отырып, мен цифрландырудың бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да басты бағыты екенін тағы бір мәрте айқын түсіндім. Біз, банк қызеткерлері де, бұл үдерістен тыс емеспіз. Қазіргі таңда клиенттер банкке келмейді, біз оларға қашықтан қызмет көрсетеміз. Іс-шара барысында мен өзіме бірнеше пайдалы ой түйіп, оларды алдағы уақытта тәжірибеде қолдануды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар жаңа бастамаларды да жүзеге асыратын боламыз. Біз де, қызметкерлеріміз де үздіксіз білім алып, біліктілігімізді арттырамыз. Себебі Шоқан Уәлиханов университетінде цифрлық бағыттағы hard skills-ті тәулік бойы дамытуға мүмкіндік беретін арнайы мектеп ашылған.
РСК: Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер өңірде мықты IT-қоғамдастықтың қалыптасуына ықпал ететінін атап өтті. Олар Ақмола облысының өзекті мәселелерін шешу үшін алдағы уақытта да мемлекет пен стартап-орта арасында тікелей диалог орнатуды жалғастыруға уәде беріп отыр.
МӨЛДІР ЕЛЕМЕСОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ