ДИКТОР: Қазақ қашанда ән мен жырдың бесігінде тербеліп, оны аспандағы аққудың сазымен үндестірген аруақты азаматтарын құрметтей білген. Құлақтың құрышын қандыратын жырларға елтіп, орындаушысынан қошаметін аямаған. Көпшіліктің көңілінде Қажыбай Жахин көзі тірісінде құрметтелмей қалды деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Ең бастысы, халық оның дауысын сүйіп тыңдады, жүрекпен орындаған туындыларын жүрекпен қабылдады. Қаншама ескі де есті әндерді жаңғыртып, тыңдарманына жеткізген Қажыбай Жахин биыл көзі тірі болса, 60 жасқа толар еді. Өнерін өмірінің серігі еткен ардақты азаматқа арналған еске алу кешінде ол өзінше өрнектеп, орындап кеткен шығармалар қайта халқымен қауышты. Әншінің екінші, өлмес ғұмыры басталғанын атақ емес, залға симай кеткен тыңдарманы мен сағынышқа толы осындай сәттер айқындайды.
РКС: Асқақ Алматыға арман қуып барған Қажыбайды Біржан салдың «Айбозым» әнімен танып, өзіне сол атауды бергенін бірі білсе, бірі білмейді. Қашанда аппақ болып киініп, үстіне кір жуытпай, таза жүретін жанның жаны да таза, пейілі де үстіндегі киіміндей ақ еді. Қай жерде жүрсе де сал-серілердің ұмытылып бара жатқан әндерін жаттап алып, халық арасына таратуды көздейтін қасиеті де көпшіліктің есінде.Кештің шымылдығын түрген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева көзіне келген жасын ірке алмай, бауырындай болып кеткен азаматты сағынышпен еске алды.
СНХ ҚАПАШ ҚҰЛЫШЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ:
РКС. Қажыбайдың 200-ден астам әнді жаттап, жадында сақтағаны және бір сөзін де бұзбай орындайтын қасиеті кеш барысында айтылды. Ол шынында да тума талант еді. Үш жасында домбыраның құлағында ойнаған өреннің өнерге жақын әкесі Бадық пен анасы Зәмзәмияның әр қадамына қолдау білдіргені оның қанатын қатайтқаны анық. Тектілік тұқымынан берілгендігін туысқандары да ортаға салды.
СНХ САЛАУАТ МҰХАМЕДИЯРОВ, ТУЫСҚАНЫ: Қажыбайдың атасы жақия өте мықты, қарулы адам болыпты. Мен ол кісіні көрдім, қораға қасқыр түсті дегенде, қолыма\да фонарь, бір бұрышта ырсиып қасқыр отыр дейді. Ол маған қарай ұмтылғанда балтамен басынан бердім дейтін. Сондай өжет, мықты адам болған.
СНХ ЫРЫСТЫ ЖАХИНА, ЖЕҢГЕСІ: Қажыбай мен ол отбасына келін болып түскенде бесінші, алтыншы класс оқитын бала еді. Бала күнінен ақжарқын, ақкөңіл, сондай кішіпейіл болатын. Ағасы жұмысқа кеткенде еркелеп, менің қойнымда жататын. Біздің ақ ләләміз деп, мен оны сарбасым деп еркелететінмін.
РКС: Кеш барысында Қажыбай Жахинді еске алуға арналып, Көкшеде өткен «Арқаның Айбозы» республикалық фестивалінің жеңімпаздары Бауыржан Нұрмұхан,Зәмзәгүл Смағұловалар әуелете салған әндер құлақтың құрышын қандырса, Жанат Есовтың сырнайлатқан «Ал, Гәгі» өзіндік мақамымен баурап алды. «Айнакөл» ансамблі орындаған әсем күй әлдилесе, Бауыржан Балтин мен Саят Бабаевтың күй тартысы арқаландырды. Мұса Асайыновты еске салған Сәрсенбай Хасеновке көпшіліктің көңілі толса, Қажыбайдың ұлы Кенжебайдың «Әке» туралы салған әні жүректерді толқытты.
ИНТЕРШУМ:
СНХ БӘРИЯ ЖАХИНА, ӘПКЕСІ: Қажыбайдың тағы бір ерекше қасиеті ол үлкен жүректі адам болды. Адал, таза болды дос, жолдастары да көп болды. Өзі де айтатын мен ақша, байлық жиған жоқпын, менің бар байлығым дос, жолдастарым деп. Өзінің барында да, өз өмірден өткеннен кейін де жолдастарының адал, шын дос екеніне көзім жетіп келеді. Осы алты жылда олар Қажыбайды алты күн естен шығарды деп мен айтпаймын.
РКС: Қажыбайды еске алуға арналған кешке арнайы ат терлетіп жеткен курстас достары Айтбек Нығызбаев Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асығын» асқатата орындаған сәтте арқаланбаған жан қалмады. Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиевті көпшілік сахнадан жібергісі келмей, қатарынан төрт әнді орындатып, қошамет білдірді. Әсіресе, халық сүйіп тыңдайтын «Дариға дәурені» бұл өткінші өмірдің өкінішін жеткізсе, өзіндік мақаммен орындайтын Үкілі Ыбырайдың тағы бір нұсқадағы «Гәккуі» халықтың сұрауы бойынша осы жерде шырқалды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Осылайша Ақмола облыстық филармониясында Қажыбай Жахинді еске алуға арналған кеш бір деммен өтті. Ұйымдастырушылар да бәрін ескеріп, сахнаны тақырыпқа сай безендіріп, әншінің әр сәтін бейнелейтін суреттерді алмастыра отырып, ол жайында жазылған естеліктермен еске түсіріп жатты. Өзінің өлмес мұрасы арқылы халқымен қайта қауышқан Қажыбай Жахин сүйіп өткен өлкесін әлі де әдемі әндерімен әлдилей бермек.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, САБЫР ШЕРИЯЗДАНОВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕАҚПАРАТ