ДИКТОР: Зеренді ауданында 6 ауылды байланыстыратын жол сын көтермейді. 30 жыл жөндеу көрмеген трасса ауыл халқының аудан мен облыс орталығына қатынауын қиындатып отыр. Жағдайды көзімен көріп, мән-жайды біліп қайтқан тілшіміздің бейнематериалы.

РКС: Бұл жолмен жеңіл көлікпен ғана емес, жол талғамайтын машинамен жүрудің өзі азап. Сондықтан такси сияқты басқа да қызмет көліктерінің бұл жаққа келгісі жоқ. Тіпті, әр секунді санаулы жедел жәрдем көлігінің науқасқа жетуінің өзі мұң, жол кедергі ,-дейді тұрғындар.

СНХ: РАМАЗАН ДОСЫМОВ, КЕҢӨТКЕЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Ауылда кәрі-құртаң адамдар, ауру-сырқаулы, бәлніске қатынаса, мына жолмен қалай жүреді мысалы. Жылда уәде береді, әне істейміз міне істейміз деп, баяғы жартас сол жартас, орнында ештеңе істеліп жатқан жоқ.

СНХ: АСЫЛБЕК РАХМАТУЛЛИН, ҚОШҚАРБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Қысы-жазы жүре алмаймыз шынын айтқанда, ағайын-туыс келмейді бері қарай жолдарың жаман деп. Неше жыл болды Қошқарбайдың жолын оңдаймыз дегелі. Былтыр бастаған фракция тасып, тоқтатып тастады. ... Қашан болады біздің жол?

РКС: Ойдым-ойдым жол темірді де шыдатпайды. Сондықтан, ауылдағы көліктердің дені тозған. Мәселен, Кеңөткел ауылының тұрғыны Сәкен Баймурзин, көктем бастағалы осымен үшінші рет көлігін жөндегенін айтады.

СНХ: СӘКЕН БАЙМУРЗИН, КЕҢӨТКЕЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Жүруге жарамайтын жол, шыны керек. Ходовка шыдамайды машиналардың. Көктем басталғалы машинаны екі-үш қабаттан оңдаттық. Міне, қазір тағы тұрмын, мінекей.

РКС: Жергілікті билік өкілдері, осыдан екі жыл бұрын бір емес құны 1,5 миллиард теңге болатын екі жоба әзірленгенін айтады. Тіпті, облыстық бюджеттен 200 миллионы бөлінді. Алайда, жауапсыз мердігердің кесірінен, жол жөнделмей, қаражат кері қайтарылған.

СНХ: СЕРІК ИСАХАНОВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жаңа сметалық құжат дайындалды. Оны мемлекеттік сараптамадан өткізу керекпіз. Сараптама өткеннен кейін облыстық бюджетке өтінім берілетін болады.

РКС: Күрделі жөндеу жүргізілгенге дейін аудандық әкімдік автогрейдер жіберіп, Айдарлы ауылынан Троицке дейін 6 ауылды қамтитын жолдың беткі қабатын тегістемек. Жөндеу жұмыстары мамырда басталмақ.

БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ