ДИКТОР: Сарыарқа шағын ауданында инклюзивті спорт орталығы салынады. Құны 5 миллиард теңгеден асатын жоба ерекше қажеттілігі бар жандарға бейімделмек. Заманауи кешен бір мезетте 300 адамды қабылдай алады. Аталған нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында құрылысы әлі басталмаған инклюзивті спорт орталығының жобасымен де танысты.
РКС: Жоба аясында спорттық, білім беру, профилактикалық және шығармашылық бағыттарды біріктіретін заманауи инфрақұрылым қарастырылған. Кешен құрамында аутизмге арналған арнайы орталық болады деп жоспарланған. Орталықтың спорттық бөлігінде әмбебап зал, тренажер залдары және емдік дене шынықтыру кабинеті орналасады. Ал емдік-профилактикалық аймақта 10 медициналық кабинет қызмет көрсетіп, келушілерге кешенді сауықтыру және қолдау шаралары ұсынылады.
СНХ: ЕРЛАН БЕГАЛИН, «BI GROUP» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл – қарапайым жаттығу құрылғылары емес, арнайы сараптамадан өтіп, медициналық талаптарға толық сай келетін кәсіби тренажерлер. Сондықтан нысан тұтастай медициналық орталық ретінде қарастырылады. Мұнда ұсынылатын барлық құрал-жабдық жоғары сұранысқа ие әрі тиімділігі дәлелденген. Олар осыған дейін білікті мамандардың қатысуымен ұзақ жылдар бойы тәжірибеден өтіп, жан-жақты жетілдірілген. Барлық жабдықтар толықтай Еуропадан жеткізіледі. Жобаның басты бағыты – отырып ойналатын спорт түрлерімен кедергісіз әрі жайлы айналысуға мүмкіндік беретін қолайлы орта қалыптастыру.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл бір жылдық емес, бәлен жылға жасалып жатыр. Денсаулығы шектеулі адамдар қоғамның толыққанды мүшесі. СолАрға жағдай жасау, ең бастысы көпке созылмайды. Жобамыз анықталған. Қаржыландыру бәрі есептелген. Сондықтан бүгін бастап кетеміз да, биыл желтоқсан айында тапсырамыз.
РКС: Өңірде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған қолдау жүйесі кезең-кезеңімен дамып келеді. Қазір облыста 2 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар бала тіркелген. Инклюзивті ортаны қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде арнайы кабинеттер мен қолдау сыныптары жұмыс істейді. Бұдан бөлек, қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы да жалғасуда. Жоба 2023 жылы басталғанымен, жобалық кемшіліктерге байланысты уақытша тоқтап қалған еді. Қазір құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы өңір басшысының жіті бақылауында.
СНХ: АЗАМАТ БАЙҚУАНЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Бұрынғы мердігермен келісім-шарт қаңтарда бұзылды. Міндеттемелер орындалмағандықтан, облыстық бюджетке 200 миллион теңге қайтарылды. Қазір жоба құны 8 миллиард теңге. Нысандағы жұмыс ауқымды. Бұған дейін алғашқы мердігерге 850 миллион теңге бөлініп, белгілі бір жұмыс атқарылған, ал қалған қаражат бюджетке кері қайтарылды. Сонымен қатар, нысанды биыл аяқтау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктерімен бірлесіп қаржыландыру мәселесі пысықталуда.
РКС: Жалпы, құрылыс алаңына айналған Көкшетауда жұмыс қарқыны жоғары. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар да бой көтеруде. Былтыр 35 нысан пайдалануға берілсе, биыл әлеуметтік салада 26 нысанның құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында облыстық көпбейінді аурухана да бар. Халықаралық стандарттарға сай медициналық орталық тек өңір тұрғындарына ғана емес, көршілес аймақтарға да жоғары сапалы қызмет көрсетеді деген болжам бар. Мұнда 63 күндізгі стационар, 38 оңалту палатасы, 23 операциялық зал қарастырылған. Сондай-ақ, заманауи жабдықтармен жарақтандырылмақ.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ