ДИКТОР: Көкшетау – Арқа даласында ән мен жырдың алтын бесігіне айналған, сал-серілік дәстүрдің тамыры тереңге жайылған қасиетті өңір. Бұл өлке – қазақтың рухани қазынасын байытқан талай саңлақтың ізі қалған мекен. Ұлан-ғайыр даланың әр түкпірінде Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды дүлдүлдердің есімі ерекше құрметпен аталады. Осындай бекзат өнердің үзілмес арнасын ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңында Көкшенің тағы бір дарынды перзенті Қажыбай Жахин жалғастырды. Егер тірі болғанда, биыл 60 жасқа толар еді. Осыған орай Көкше өңірінде «Көкшенің айбозы – Қажыбай!» атты еске алу кешінің алдында баспасөз конференциясы өтті.
РКС: Конференцияға Қажыбай Жахинмен бірге білім алып, өнер жолында қатар жүрген курстас достары арнайы қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаев пен Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев бар. Өнердегі қатарластары талантты әншінің жастық шағындағы ізденісі, өнерге деген адалдығы мен табиғи дарыны туралы естеліктерімен бөлісті. Қажыбай Бадықұлының студент кезінен-ақ өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, үні бөлек, болмысы дара өнер иесі болғанын ерекше ықыласпен жеткізді. Сондай-ақ олар әншінің адамгершілік қасиетін, достыққа беріктігін атап өтіп, қысқа ғұмырында қазақтың дәстүрлі ән өнеріне сүбелі үлес қосып үлгергенін айтты.
СНХ: РАМАЗАН СТАМҒАЗИЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ: Көкше өңіріндегі кейінгі заман композиторларының әндерін жеткізуде үлкен еңбек еткен бауырымызды бүгін еске алып жатырмыз. Тірі болғанда шынымен де 60-қа келетін еді. 60-қа жай ғана келген жоқ, 60-ында Көкшетаудың шеңдері ғана емес, қазақ даласыдағы қолына домбыра ұстаған, өнер танушылар, адам танитын, өнерін қадірлеген өртаның бәрі Қажыбайдың өмірін, творчествосын жақсы біледі. Кешкісін Қажыбай салған әндер жайында, Қажыбайдың репертуарындағы мықты авторлардың әндерін еске түсіріп, сахнаға шығамыз. Көкше өңірі әуел бастан құйқалы жер, ақын, әнші шыққан, солардың табанының ізі қалған киелі өлке.
РКС: Өнерден үлкен үміт күттірген жас талант Көкшеден қанат қағып, Алматыға жол тартады. Мұнда ол қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Қайрат Байбосыновтың тәлімін алып, шеберлік мектебінен өтеді. Ұстазы жас әншінің табиғи дарыны мен ерекше дауысына айрықша назар аударып, оны үздік шәкірттерінің біріне айналдырады. Қайрат Байбосынов Қажыбайдың болмысындағы бекзаттық пен сахнадағы серілік сипатын жоғары бағалап, оны «Айбоз» деп еркелеткені де осының айғағы. Кездесуде бұл дерек Қажыбай Жахиннің өнер жолындағы қалыптасу кезеңінің жарқын көрінісі ретінде айтылып, оның үлкен сахнаға шығуына ұстазының ықпалы зор болғаны ерекше атап өтілді.
СНХ: АЙТБЕК НЫҒЫЗБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ: Бірге оқыдық Алматыда 1987 жылдан бастап, осы Қажыбай Жахинмен бірге жүрдік. Жахин Қажыбай жолдасымыз енді дүниеден өтіп кетті ерте. Өтіп кетсе де, артынан көп із қалдырып кетті. Осы Көкше өңіріндегі халық әнінің негізін салған Біржан сал Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың, Иман Жүсіптің, осы халық композитор әндерінің барлығын, айтылмай жүрген халық композиторларының барлығын сол жинақтап, елге насихаттады, елге таратты. Осыған аз ғұмырда көп қызмет, еңбегін сіңірді. Домбыраны ерттеп мініп алатын. Ән айтқан уақытта дауысы асқақ болды. Екінің бірі бара бермейтін әндер орындады, орындаушылығы ешкімге ұқсамайтын еді Айбоздың. Солай өнері бір төбе, оның адамгершілігі бір төбе болды. Ол адами ретінде таза, өте пәк, шынайы болды, шындықты сүйді. Кез келген уақытта шындықты бетке айтып салатын сондай өткір мінезі болды.
РКС: Қатысушылардың басым бөлігі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушы құрамы мен студенттері болды.
СНХ: АЯУЛЫМ ӘЛМАХАНОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Ол кісі өмірден ерте озды, бұл өте өкінішті. Осындай кісілер кем де кем. Өзі әнші, күйші дедік. Қажыбай атамызды «Айбоз» әнін айтып бастағаннан бастап естідім. Өзім де Солтүстіктің тумасы болғандықтан Қажыбай атамызды танымау мүмкін емес.
РКС: Баспасөз мәслихатынан соң «Көкшенің айбозы – Қажыбай!» атты еске алу кеші өтіп, еліміздің майталман өнер жұлдыздары өнер көрсетті.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ