ДИКТОР: Ауыл шаруашылығы да цифрлық дәуірдің қарқынына ілесіп, жаңа белеске көтерілді. Агроөнеркәсіптік кешен дәстүрлі басқару әдістерімен шектелмей, салада цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген құралдарды белсенді енгізе бастады. Қазақстанда бүгінде 200-ден астам Smart-ферма жұмыс істейді. Олардың ішінде Ақмола облысы көш бастап тұр. Ауыл шаруашылығында қолданылатын цифрлық жүйелер қалай жұмыс істейді? Бұл туралы әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.

РКС: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық секторға жасанды интеллект пен инновацияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында еліміз бойынша шамамен 1800 шаруашылыққа ауқымды сауалнама жүргізілді. Талдау қорытындысы көрсеткеніндей, 150-ден астам шаруашылық заманауи технологияларды, жасанды интеллект элементтерін, өндірісті оңтайландыру құралдары мен мониторинг жүйелерін белсенді түрде енгізіп, тиімді пайдаланып келеді. Өңірде 49 Smart-ферма бар. Бұл фермалар ауқымды цифрлы жүйелер арқылы жұмыс істейді.

СНХ: РЕНАТ ҚАСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінде GPS-навигация, дәлме-дәл себу кешендері, дрондар, автоматтандырылған метеостанциялар мен GPS-трекерлер сияқты заманауи шешімдер кеңінен қолданылып жатыр. Өңірде «Журавлевка-1» және «Дихан плюс» шаруашылықтары цифрлық технологияларды белсенді түрде пайдаланып, өндірісте жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл шаруашылықтар жаңа технологияларды тиімді енгізудің жарқын үлгісіне айналып отыр. Цифрлық жүйелердің тиімділігі егіс пен орақ жұмыстарының сапасы артады, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары дәл әрі үнемді қолданылады, жанар-жағармай шығыны азаяды. Соның нәтижесінде өнімділік өсіп, еңбек тиімділігі айтарлықтай жақсарады.

РКС: Ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосып отырған кәсіпорындардың бірі - Navistar Asia. Бұл компания аграрлық секторды заманауи технологиялармен қамтамасыз етіп, өндіріс тиімділігін арттырумен айналысады. Олар егін егуді автоматтандыруға арналған шешімдер, топырақты талдау жүйелері және ауыл шаруашылығы техникаларына автопилот орнату қызметтерін ұсынады. Бұл технологиялар фермерлерге жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, өнімділікті арттыруға және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

СНХ: АЙНҰР ҚҰДАЙҚҰЛОВА, «NAVISTAR ASIA» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ АҒА МЕНЕДЖЕРІ: Біз агродрондармен айналысамыз. Бұл ауыл шаруашылығына арналған кәсіби бүріккіш дрондар және техниканы дәл басқаруға мүмкіндік беретін заманауи навигациялық жабдықтар. Солардың бірі - Topdron P700 дроны. Оның 60 литрлік сыйымдылығы бар бак арқылы үлкен аумақтарды тиімді өңдеуге болады. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда 80 кг-ға дейін құрғақ тыңайтқышқа арналған қосымша бак орнату мүмкіндігі бар. Дронның жұмыс өнімділігі минутына 40 литрге дейін жетеді, бұл оның өте жоғары жылдамдықпен әрі тиімді жұмыс істейтінін көрсетеді. Ең маңыздысы - ол тек бүрку жұмыстарын ғана емес, сонымен қатар тыңайтқыштарды біркелкі шашу функциясын да орындайды.

РКС: Сондай-ақ кәсіпорын аймақтағы егіс алқабының цифрлық картасын жасап шығарған. Бұл – егістік жерді толық цифрлы форматта бейнелейтін, топырақ жағдайын, өнімділік деңгейін және агротехникалық жұмыстарды нақты бақылауға мүмкіндік беретін заманауи құрал. Мұндай цифрлық карталар ауыл шаруашылығын басқаруды жеңілдетіп, ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ