ДИКТОР: Бүгін - Мемлекеттік рәміздер күні. Атаулы күнге орайластырылған салтанатты жиында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Білім саласының үздіктері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Сондай-ақ қоғамдық өмірге белсенді араласып, халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып жүрген азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
РКС: Биыл өңір оқушылары түрлі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда 200-ге жуық медаль жеңіп алған. Бұл жетістіктің артында шәкіртіне сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан ұстаздардың ерен еңбегі жатыр. Салтанатты шара барысында ел ағартушыларына лайықты құрмет көрсетілді.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Марапат иелерінің қатарында Степногорск қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы мектеп-интернат-колледжінің ұстазы Нағима Құлбаева да бар. Ұзақ жылғы еңбегі үшін педагогке «Құрмет» ордені табысталды.
СНХ: НАҒИМА ҚҰЛБАЕВА, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ: Еңбек өтілім 3 жыл. Бүгінгі марапат, тек менің ғана емес, бүкіл ұстаздар қауымының еңбегі деп білемін. Мерекеміз құтты болсын! Отанымыз тыныш, туымыз биік, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
РКС: Қоғам игілігі жолында еңбек етіп жүрген волонтерлер де марапат төрінен көрінді.
СНХ: ДИДАР ХАМЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында белсенді жұмыс жасаудамыз. Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отыра, осы ретте мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, яғни әрбір жастың бойында патриоттық сезімді күшейту, нығайту жұиыстарын атқарып жатырмыз.
РКС: Аймақ басшысы Марат Ахметжанов барша қазақстандықты мерекемен құттықтап, Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығына тоқталды.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл күн – бірлік пен тәуелсіздік символына айналған қасиетті рәміздерді құрметтейтін, елдік пен егемендікті ұлықтайтын күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның туы биікте желбіреп тұрған сәтте біздің жүрегіміз еліміз үшін, Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөленеді, - деп атап өткен болатын. Бұл сөздер – әрбір қазақстандық бойында ел мен мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін оятатын терең мағынаға ие. Сондықтан да Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран тек ресми белгілер емес. Олар -Тәуелсіздіктің тұмары, болашақтың темірқазығы.
РКС: Мерекелік шара соңында жастар алып Мемлекеттік Тумен патриоттық флешмоб ұйымдастырып, ел рәміздеріне деген құрметін көрсетті.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ