ДИКТОР: Облыс орталығында бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтарды қайта әлеуметтендіру және жұмыспен қамту, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрғандарға қатысты мәселелерге арналған жұмыс кеңесі өтті. Талқылауға прокуратура, полиция, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің кәсіпкерлер палатасы мен облыстың бейінді басқармаларының өкілдері қатысты.
РКС: Аймақта бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру бойынша жұмыс жүйелі жолға қойылған. Ерекше назар жұмыспен қамтуға аударылады. Бұл олардың толыққанды өмірге қайта оралуының негізгі факторының бірі. Бұл бағытта жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыру, сондай-ақ жұмыс іздеушілерді жеке сүйемелдеу қолға алынған.
СНХ: ШОЛПАН РАХМАТУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бүгінде дәл осы санаттағы азаматтармен жұмыс істеуге қатысты ауқымды міндеттер тұр. Бізде отбасын қолдау орталықтары бар, қазір солар арқылы жұмыс жүргізілуде. Дегенмен әлі де назар аударуды қажет ететін мәселелер бар. Сондай-ақ, 28 сәуірде облыс бойынша екінші жыл қатарынан бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің бірыңғай күні өтетінін айтқым келеді. Ол барлық өңірде ұйымдастырылады. Сағат 11-де басталады. Мұндай жәрмеңкелер тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Оған жұмыс берушілер қатысып, қолда бар бос жұмыс орындарын ұсынады. Ең бастысы — бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған әрбір азаматпен сауалнама негізінде жеке жұмыс жүргізілуде.
РКС: Өңірде қоғамнан оқшаулаусыз жазасын өтеуді қамтамасыз ететін 30-ға жуық пробация қызметі жұмыс істейді. Мансап орталықтары құқық қорғау органдарымен бірлесіп, мұндай азаматтарды әлеуметтік бейімдеуге қатысты кешенді жұмыс жүргізуде. Бұл олардың толыққанды өмірге қайта оралуына ғана емес, сонымен қатар қайталама қылмыс деңгейін төмендетуге де ықпал етеді.
СНХ: ӘСЕЛ ЕЛУБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІ ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Мансап орталықтары біздің және полиция департаментерімен және прокуратура органдарымен бірлесіп, қоғамнан оқшаулаусыз жазасын өтеп жатқандармен, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандарды қайта әлеуметтендіру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл – қайталама қылмыстың алдын алудың тиімді жолы. Сотталғандарды жұмыспен қамту маңызды. Өйткені жұмыссыздар қайта қылмыс жасауға баруы мүмкін.Сондықтан біз бүгін осы жерде бірлескен шешім мен нақты іс-қимыл алгоритмдерін әзірлеп, қайталама қылмысты азайтуға ықпал ететін шараларды қабылдамақпыз.
РКС: Кездесуге қатысқандар облыста темір тордың ар жағынан босап шыққандарды сүйемелдеудің кешенді жүйесі қалыптасқанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда. Ол өз кезегінде өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ