ДИКТОР: Премьер-министр Олжас Бектенов еліміз бойынша базарлардағы тәртіпті қалпына келтіруді тапсырды. Осы аптадағы үкімет отырысында министрлер кабинетінің басшысы инфляцияны тежеуге басымдық берді. Ол тиімсіз делдалдардың заңсыз схемалар арқылы бағаны, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, көкөністер мен ет өнімдерінің бағасын жасанды түрде көтеріп отырғанын айтты. Жергілікті билік жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері Көкшетаудағы базарларды аралап, бағаны тексеріп, сатушылармен тілдесті. Мониторинг қорытындысы жайлы әріптесім Оксана Зинченко айтсын.
РКС: Нарық мониторингі шынымен де ауқымды болды. Сауда және кәсіпкерлік, техникалық реттеу және метрология, мемлекеттік кіріс және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, төтенше жағдайлар, жер қатынастары салаларының мамандары сатушылармен және сауда нүктелерінің иелерімен кездесті. Олар базар жұмысын және азық-түлік сатуды реттейтін ережелерді түсіндірді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға мониторингі басым бағыттың бірі.
СНХ: ЕРЛАН ӘУБӘКІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Өздеріңіз көргендей кәсіпкерлердің барлықтары бірдей тауарларын бағаларын қоймайды. Бүгінгі таңда бізде әлеуметтік тауарларға кіретін 31 тауар бар. Жаңа өздеріңіз байқадыңыздар алма, огурцы, помидор. Олардың кейбіреуінің бағаларын қоймайды кәсіпкерлер. Ол енді заңға қарама қайшы келеді. Әр тауардың өзінің сатылу бағасын міндетті түрде сатушылар көрсету керек. Тұтынушы алған кезде бағасын көру керек. Мінеки, сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Және бұл жердегі мақсатымыз делдалдардың (посредников) санын азайту.
РКС: Қазақстанда ең қажетті азық-түлік өнімдерінің тізімі бар. Мемлекет инфляцияны тежеу үшін бұл тауарлардың бағасын реттеп отырады. Шектеулерді жергілікті әкімдік белгілейді. Сауда үстемелеріне де шектеу қойылған. Жыл басынан бері тізім кеңейтілді. Оған негізінен көкөністер, жемістер мен ет енгізілген. Сатушылар өзгерістерден хабардар екендерін және заң талаптарын орындайтындарын ерекше атап өтті.
СНХ: ЭССЕТ ЖУРДАНОВА, САТУШЫ: Жеке кәсіпкермін. Қияр мен қызанақ сатамын. Қазір жұртшылыққа керек тауар екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан бағаны шарықтатып отырған жоқпыз. Қияр мен қызанаққа 10, әрі кетсе 15 процент қана үстеме қосып отырмыз. Міне, бүгін келіп, бізге бәрін түсіндірді. Мүмкіншілігімізге қарай әрі қарай жұмыс істей береміз. Бәрін түсіндік.
РКС: Егер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу кезінде бағаның негізсіз көтерілуіне тап болсаңыз, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласуға болады. Тек төлемді растау қажет. Түбіртек пен фото немесе бейнедәлелді келтірсеңіз болғаны. Өтініштерді e-Otinish платформасы және әлеуметтік желілер арқылы қабылданады.
ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ