ДИКТОР: Көкшетаудағы балалар көркемөнер мектебінің оқытушылары жеке шығармашылық жұмыстарынан құралған «Шығармашылық жолы» атты көрмесін өткізді. Аталған көрме ұстаздардың жылдық есеп беру жұмысы ретінде ұйымдастырылған.

РКС: Бүгінгі күнге дейін көптеген жас қылқалам шеберін тәрбиелеп шығарған Көкшетау қалалық балалар көркемөнер мектебінің ұжымында Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері де бар. Бұл олардың қолынан шыққан туындыларының кәсіби деңгейінің жоғары екенін және өнер кеңістігінде мойындалғанын дәлелдейді. Мұндағы әр шығарма - автордың ішкі жан дүниесінің айнасы. Сондықтан да суретшілер бір туындыны жасауға әртүрлі уақыт жұмсайды. Бұл олардың шабытына, көңіл-күйіне және ойының тереңдігіне байланысты,-дейді ұстаздар.

СНХ: ДУЖАН МАҒЗҰМОВ, ҚАЗАҚСТАН СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Біз тек сабақ берумен ғана емес сондай-ақ өзіміз де шығармашылықпен айналысамыз. Өйткені өнер саласы болғандықтан, әр адамның ой толғауы болады. Соны, өз толғанысымызды, жан дүниеміздегі болып жатқан құбылыстарды картина арқылы көрсетуге тырысамыз. Балалрдың демалысы кезінде біз де арнайы шығармашылық жұмыстар істейміз. Қазақстан бойынша көптеген көрмелерге қатысамыз.

РКС: Аталған шығармашылық бірлестік 2004 жылы құрылған. Содан бері ол мыңдаған жас суретшінің өнер жолына бағыт-бағдар беріп келеді. Осы жылдар ішінде қалыптасқан білікті суретші-педагогтар әлі күнге дейін сол қарашаңырақта еңбек етуде. Қазірдің өзінде мұнда 200-ден астам жас суретші шыңдалуда. Олар кәсіби суретшілерден шабыт алып, олардың туындылары жас буынның қиялына қанат бітіретінін айтады.

СНХ: ӘМИНА МӘЛІКОВА, БАЛАЛАР КӨРКЕМӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Жасым 13-те. Бүгін көрмеге қойылған ұстаздарымыздың жұмыстары маған өте қатты ұнады. Болашақта біз де ұстаздарымыз сияқты сурет салатын боламыз деп сенемін.

СНХ: АЙЛИНА ӘЛІМОВА, БАЛАЛАР КӨРКЕМӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Біз осы туындыларды жасаған ұстаздарымыздан үлкен шабыт аламыз. Олардың еңбектері бізді қанаттандырып, жаңа шығармалар жасауға жетелейді. Осындай үлгілі жұмыстар бізге бағыт-бағдар беріп, болашақта соларға қарап бой түзеуге, өз шеберлігімізді шыңдауға мүмкіндік береді.

РКС: Көрмеде бейнелеу өнерінің түрлі бағыты ұсынылған. Кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы өнер. Суретшілер экспозиция арқылы түрлі техниканы, көркем тілдер мен авторлық тәсілдердің алуандығын көрсеткен. Бұл көрме оқытушыны үнемі дамып отыратын кәсіби суретші ретінде көруге мүмкіндік береді,-дейді ұйымдастырушылар.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ