ДИКТОР: Ақмола өңірінде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында ауқымды экологиялық жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттемелерге сәйкес, еліміз бойынша 2021-2027 жылдар аралығында 2 млрд. түп көшет отырғызу қолға алынған. Күні бүгінге дейін «Бұқпа» орман шаруашылығы 1 мың гектардан астам аумаққа 7 миллион түптен астам көшет отырғызды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады.
РКС: Облыстың орман алқабы шамамен 15 мың гектарға созылған. 18 орман шаруашылығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, жас көшеттерді өсіретін арнайы орындар да бар. Былтыр «Бұқпа» орман шаруашылығы 37 гектар жерге жейде тұқымдас, 2 гектар аумаққа қылқан жапырақты және осынша жерге кең жапырақты ағаш тұқымы отырғызылған. Қалған жер қопсытылып, жасыл желек отырғызуға дайындалған.
СНХ:ОЛЖАС ТҰРЛЫБЕКОВ, ШАҒАЛАЛЫ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Осы 5 гектарға салдық. Сол план бойынша бізде 180 гектар «Бұқпа» орман шаруашылық мекемесі бойынша. Соның ішінде 80 гектар лиственный, 100 гектар қарағай отырғызамыз.
РКС: Көшет отырғызу жұмыстарына орман шаруашылығының мамандары жоғары оқу орындарының студенттерін де тартуда. Қазір 50-ден астам студент көгалдандыру жұмыстарына қызу кірісіп кеткен.
СНХ:ДИАНА ТҰРЛАН, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Қазір 200-ден астам көшет отырғыздық. Таңғы 10-нан кешкі 5-ке дейін отырғызамыз, қалған уақытта демаламыз. Студенттерге бұл физикалық, моральдік тұрғыдан пайдалы. Бұл біздің негізгі мамандығымыз. Әрі ертең мамандығымызды тәмамдағаннан кейін де, практикадан өту бізге маңызды. Бізге бұл опыт.
РКС: Жалпы жоба аясында Ақмола облысында соңғы бес жылда 100 миллион түпке жуық көшет отырғызылды. Бұл игі бастама әлі де жалғасады.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ