ДИКТОР: Елдегі цифрлық экожүйе мен инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басты басымдығының бірі. Бұл үдерісте жастарға және олардың цифрлық дағдыларын дамытуға ерекше мән беріледі. Бүгінде бұл жұмысқа өңірлер де белсенді түрде атсалысуда. Көкшетауда жастарды IT саласына тарту және жаңа құзыреттерді қалыптастыру құралы ретінде киберспортқа басымдық беріліп отыр. Ауқымды бастама жайлы тілші Риза Жұпарияның сюжетінде.
РКС: Мемлекет басшысы Жолдауында цифрлық дағдыларды дамыту мен жастарды қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бүгінде бұл басымдықтар жай ғана декларация емес, нақты іске асырылатын міндет ретінде қабылдануда. Осы тұрғыда киберспорт ойын-сауық шеңберінен шығып, жастарды цифрлық ортаға тартудың тиімді құралына айналып отыр. Ол логикалық ойлауды, командалық жұмысты және заманауи IT-құзыреттерді дамытуға ықпал етеді. Аталған бағыттағы жұмыстар аясында облыстық цифрландыру басқармасы Qazaq Cybersport Federation ұйымымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
СНХ: БАУЫРЖАН МАМАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің мақсатымыз-өңірде бұл бағытты жүйелі түрде дамыту. Соның нақты қадамдарының бірі ретінде «KOKSHETAU ESPORTS CUP 2026» республикалық турнирін өткізуді жоспарлап отырмыз. Финалды Көкшетау қаласында ұйымдастыру көзделген. Турнир форматы ауқымды болады: алдымен ел бойынша онлайн іріктеу кезеңдері өтеді, одан кейін плей-офф кезеңдері ұйымдастырылып, үздік командалар офлайн финалда бақ сынайды. Жарыстар ең танымал киберспорт түрлері бойынша өтеді.
РКС: Турнирге еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам команда, шамамен 1500 ойыншы қатысады деген болжам бар. YouTube, Twitch және әлеуметтік желілердегі онлайн-трансляциялар арқылы 1,7 миллионнан астам көрерменді қамту жоспарланып отыр. Алдағы турнирге Көкшетау тұрғындарының өздері де қызығушылық танытуда. Көпшілігі жарысқа қатысып, өз бағын сынап көруге дайын.
СНХ: ДАВИД ШАГИНЯН, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Өзім де көп уақытымды ойынға арнаймын, қазір де Counter-Strike 2 ойынын ойнап тұрамын. Бұл бастама өте жақсы деп ойлаймын, жарыста өз күшіңді сынап көруге мүмкіндік бар. Оның үстіне, Көкшетауда алғаш рет осындай мүмкіндік пайда болып отыр. Кәсіби ойыншылармен кездесіп, бақ сынасуға болады. Сонымен қатар, жаңа таныстар тауып, байланыс орнатуға да жол ашады. Біздің қалада да мықты ойыншылар бар.
РКС:Бұл жоба цифрлық ортаға белсенді тартылған жастарға бағытталған. Ол цифрлық мәдениетті дамытуға, технологияларды кеңінен насихаттауға және IT саласында жаңа буын мамандарын қалыптастыруға арналған тиімді алаңға айналуда.
РИЗА ЖҰПАРИЯ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ