ДИКТОР: Мемлекет басшысы өз Жолдауларында ғылымды дамыту – мемлекеттің стратегиялық басымдығы екенін атап өтеді. Елдің басты капиталы – білімді, дарынды әрі еңбекқор азаматтар.Сонымен қатар, қоғамның дамуына әйелдердің қосар үлесі айрықша. Әсіресе, әйел-ғалымдардың еңбегі ерекше мәнге ие. Олар бүгінгі таңда еліміздің зияткерлік әлеуетін нығайтып, инновациялық дамуына серпін беріп келеді. Көкшетауда «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер Қанаты «Ғылым Talks: «Ғылым және қоғам — әйел ғалымның үні»» атты маңызды әрі тағылымы мол іс-шара өткізді.

РКС: Бұл кездесуге Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің төрт ғалымы шақырылды. Олар өздерінің зерттеп жүрген жобаларын ортаға салды. Биология ғылымдарының кандидаты, профессор-эколог Айгүл Құрманбаева қоршаған ортаны ластанудан сақтау, полигондарды топыраққа, суға зияны тимейтіндей етіп қайта құру, халықтың мәдениет ояту бағытын зерттеп жүр. Қазақстанда жыл сайын 6 миллион тонна қоқыс жиналады. Оның тек 25 пайызы ғана өңделеді. Ал Ақмола облысында тек 8 пайызы ғана пайдаға асады. Аймақта 130 полигон бар, соның тек 25-і ғана экологиялық стандартқа сай келеді. 32 мың гектар жер, яғни 454 орын стихиялық қоқыс алаңына айналған. Ғалымның айтуынша, полигондардың маңайын көгалдандырып, қоқыстарды өңдеп, отынға пайдалануға болады.

СНХ АЙГҮЛ ЖАҚЫПОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ «ҒЫЛЫМДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР» БАҒЫТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бүгінгі кездесудің басты мақсаты барлық ғылыми жобаларды қарапайым тілде халыққа жеткізу болды. бүгінгі таңда ғылым жай ғана білім емес, бұл қоғамның алдындағы жауапкершілік.осы зерттеу жұмыстарын экономикаға енгізу арқылы халықтың тұрмысын жақсартуды көздейді.

РКС: «Жас ғалым» жобасының жетекшісі Динара Қауметова жер асты байлықтарын игеруде топырақты бүлінуден сақтайтын жолдарын іздестіріп жатыр. Мысалы, «Алтынтау-Көкшетау» кен орнына алтын қалдықтарын алуда химиялық реагенттердің топырақтың бұзылуын болдырмау үшін бұрғылау арқылы қатты руданы сұйыққа айналдыруға болады дейді. Және сұйық күйден қайтадан қатты күйге алмастырудың жолдарын ұсынады. Сонда алтынның қорын 80 жылға дейін сақтауға болады. Медицина ғылымдарының докторы Күлсара Рүстемова болса, тоқ ішектің қатерлі ісігінің алдын алу жолдарын капсула арқылы анықтауды алға тартады. Ал, филолог маман Гүлгүл Ысқақова балаларға бейімделген мәтіндер және комикстер арқылы қазақ тілін үйрету жолдарын зерттеп келеді.

СНХ: ГҮЛГҮЛ ЫСҚАҚОВА, ПЕДАГОГИКА ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯ МАГИСТРІ: Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында бірнеше зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде бала тілін зерттеу және бала тілінің корпусын қалыптастыру жұмыстары жүрігізіліп жатыр. Бұл жерде баланың тілінің шығуы, бір жаста, үш жастағы бала қандай тілді білу керек, оның нормасы қандай деген зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл алдағы уақытта медицинамен тоғысып, тілі шықпай жатқан балаларға үлкен көмек болады деген ойдамын.

РКС: «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының атынан шараға қатысқан төрт ғалымға Алғыс хаттар табыс етілді. Шара барысында ғалымдар кездесуге келген жастардың сұрақтарына жауап берді. AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы Әйелдер Қанатының төрайымы Айнагүл Балташева алдағы уақытта да ғалымдарды қолдау жұмыстары жалғасатынын айтты.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ