ДИКТОР: Көкшетауда «Агро Көкшетау-2026» көрмесі өтті. Ауыл шаруашылығы саласының 50-ге жуық іргелі ұжымдары өздерінің су жаңа технологияларын көпшілік назарына ұсынды. Атап айтсақ, көрмеде саланы цифрландыруға арналған құрал-жабдықтар, жаңа үлгідегі ауыл шаруашылығы техникасы, тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы препараттар таныстырылды. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген 700-ге жуық агроөнеркәсіп өкілдері әр техниканы іс жүзінде көріп, өндірушілердің өзімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Химиялық препараттар, қуатты техникалардан бастап, агродрондарға дейін – бәрі бір алаңда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өз өнімдерін ұсынған кәсіпорынның бірі «Астана нан» серіктестігі. Степногорск қаласында орналасқан отандық өндірушінің ел нарығында 25 жыл тәжірибесі бар. Еліміздің 8 аймағында өкілдігі жұмыс істейді. Сондықтан кәсіпорынның химиялық өнімдері тек өңірде ғана емес, республика көлемінде де кеңінен танымал. Бүгінде кәсіпорында 200-ден астам маман еңбек етеді.

СНХ: СӘУЛЕ КЕНЖЕҒОЗИНА, «АСТАНА НАН» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ: Біз тұқымды дәрілеуден бастап, егісті фунгицидтік өңдеу, десикацияға дейінгі барлық жұмысты қамтитын өнімдерді өндіреміз. Бұл дәнді, майлы және бұршақ дақылдарының өнімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға бағытталған. Алдағы егіс науқаны қарсаңында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сапалы әрі қолжетімді отандық өніммен қамтамасыз етуге дайынбыз.

РКС: Бүгінде егіс алқаптарында заманауи техникамен қатар, зияткерлік технологиялар да белсенді енгізіліп келеді. Көрмеде суарып, тыңайтқыш себетін дрондар да таныстырылды. Жаңа технологиялар шаруалардың шығынын азайтып, өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді.

СНХ: РУСТАМ МӘЖЕНОВ, «NOMAD FLY» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл соңғы үлгідегі DJI AGROSTER -100 агродроны. Сыйымдылығы 100 литр болатын құрылғы - қуатты агродрондардың бірі. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, аграршылардың 80 проценті осы дронды қолданады. Себебі ол егістікті дәл әрі үнемді өңдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 80 келіге дейін жүк көтеріп, алыс алқаптарға қажетті материалдарды жеткізе алады. Жалпы аймақта агродрондарға қызығушылық артып келеді. Былтыр 20-ға жуық дрон сатылса, жыл басынан бері 10 техника шаруалардың қажетіне берілді.

РКС: Көрме аясында болашақ мамандарға да кең мүмкіндік жасалды. Ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жастар аграрлық бағыттағы 10-ға жуық оқу орнының білім бағдарламалары мен жұмыс орнымен танысты. Қуантарлығы – жас буынның ауыл шаруашылығы саласына деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді.

СНХ: ЖАНДӘУЛЕТ ЖАҢАБАЙ, СТУДЕНТ: Агрономия мамандығында оқимын. Біз ауыл шаруашылық мамандығына осы ауыл шаруашылығына үлес қосу үшін түскен болатынмын. Ауыл шаруашылық диқандарға көптеген мүмкіндік бар екен. Жетілдіріген техникалар бар, дәрілер де бар. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласына көп үлес қоса аламыз деген үміттемін.

STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Бүгінде көктемгі дала жұмыстары мен орақ науқанын заманауи техникасыз елестету мүмкін емес. Осы ретте аймақ диқаншылары жыл сайын техника паркін жүйелі түрде жаңартып келеді. Мәселен, жыл басынан бері шамамен 28 млрд теңгеге 500-ге тарта жаңа техника сатып алынған. Енгізіліп жатқан технологиялар еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы тиімділігін еселей түсуде. Ал мұндай көрмелер шаруаларға нарықтағы жаңа өнімдермен танысып, озық технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ