ДИКТОР: Аймақта балаларды жоспарлы вакцинациялау жалғасуда. Дәрігерлер ата-аналарға екпені кейінге қалдырмауды ұсынып отыр. Себебі, кез келген аурудың алдын алу - баланың денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолы.

РКС: Бүгінде иммундау өңірдегі денсаулық сақтау саласының басым бағытының бірі. Вакцинация гепатит, полиомиелит, туберкулез, дифтерия және сіреспе сияқты бірқатар аурудан қорғайды. Ата-аналарға қолайлы болу үшін өңірдегі емханаларда «Дені сау бала күні» ұйымдастырылған. Ол әр сейсенбі күні өтеді. Бұл күні ақ халаттылар тек балаларды ғана қабылдайды. Ол ең алдымен балғындарды профилактикалық тексерумен және екпе егумен мейлінше көбірек қамтуды көздейді.

СНХ: ҒАЛЫМБЕК АЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес, халықты вакцинациямен қамту деңгейі жыл сайын кемінде 90–95 процент болуы тиіс. Соңғы бірнеше жылда Ақмола облысында, тіпті былтырғы жылмен салыстырғанда қажетті көрсеткішке қол жеткізілді. Осыдан екі үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 93–95 процент болды. Ал былтырғы жылдың қорытындысы бойынша біз жоспарланған межені 95 процентке жеткіздік. Бүгінде бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша қамту деңгейі 20 процентті құрап отыр.

РКС: Вакцинациядан бас тарту жағдайлары жиі кездеседі, - дейді дәрігерлер. Мамандар бұл ата-аналардың жеткілікті деңгейде ақпараттандырылмауына және жалған ақпараттың таралуымен байланысты екенін айтуда.

СНХ: АЛМА НҰҒЫМАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ПЕДИАТР ДӘРІГЕРІ: Айта кету керек, көптеген ата-аналар вакциналардың маңыздылығын түсінбей, балаларына екпе егуден бас тартып жатады. Ал біз олардың қаншалықты маңызды екенін түсінгенін қалаймыз. Екпенің маңыздылығы – бұл аурулардың алдын алуында, себебі бұл сырқаттар қоршаған ортада әлі де бар. Осы екпелердің арқасында инфекцияны жұқтырған кезде балаларда иммунитет қалыптасып, оларды ауыр асқынулардан қорғайды.

РКС: Айта кетейік, Қазақстанда барлық міндетті екпе тегін жүргізіледі. Олар мемлекеттік және бала тіркелген жеке медициналық мекемелерде де жасалады. Мамандар уақытылы салынған вакцинация - баланың денсаулығына және қоғамдық қауіпсіздікке қосылған үлес деп санайды.

МӨЛДІР ЕЛЕМЕС, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ