ДИКТОР: 18 сәуір - Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. 1983 жылдан бері атап өтілетін бұл мереке адамзаттың мәдени мұрасын сақтауға, ескерткіштерді қорғауға және олардың маңыздылығын түсіндіруге бағытталған. Ақмола облысында айтулы күн қарсаңында түрлі іс-шара өткізу дәстүрге айналып отыр. Осылайша, тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудармақ ниетте.
РКС: Ақмола өңірі тарихи орындар мен ескерткіштерге бай. Мәселен, аймақта 2 мыңға жуық ескерткіш болса, соның 45-і Көкшетауда. Соның бірі Еркін Әуелбеков ескерткіші. Оның биіктігі 6 метр. Ал, бұл ескерткіштерді есепке алу, қорғау, қалпына келтіру және насихаттауды облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы қамтамасыз етеді.
СНХ: ГҮЛІМ РАҚЫМЖАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ: Халықаралық ескерткіштер күні аясында Еркін Нұржанұлы Әуелбеков ескерткішінің жанында экологиялық акция өткізіп жатырмыз. Мұндай акциялардың маңыздылығы жастарға осы ескерткіштер арқылы өзіміздің тарихымызды жеткізу. Неге дәл осы ескерткіштің жанында өткізіп жатырмыз? Өйткені, бұл кісінің өмірін жастарға көрсету. Еркін Нұржанұлы Әуелбеков тек қана осы Ақмола өңіріне ғана емес, басқа да облыстарға өз үлесін қосқан.
РКС: Қазір қоғам алдында тұрған басты міндеттің бірі - Ұлы дала халқының ұлттық құндылықтарын сақтау және болашақ ұрпаққа аманат ету. Осы орайда, экологиялық акцияға 50-ге жуық студент қатысты. Олар Еркін Әуелбековтың өмірбаянына шолу жасап, ескерткіштердің маңыздылығын ұғынды.
СНХ: ІЛИЯС ЕСЛӘМБЕКОВ, СТУДЕНТ: Осындай акция өткізу арқылы біз Отанға деген сүйіспеншілікті және елімізге деген патриотизмді көрсетеміз. Қазақстан атты ортақ шаңырақты тазалап, көркейтуге қашан да дайынбыз. Адамдар ел тарихына үлес қосқан жандарды мәңгі есінде сақтасын деп, әдейі ескерткіштің жанын тазалауға шықтық. Сонымен қатар, қалада тазалықты сақтауға тырысамыз.
РКС: Сәуірдің 18-не дейін облыс орталығында түрлі шара ұйымдастырылмақ. Мәселен, шаһардағы оқу орындарында "Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні" тақырыбында түрлі ғылыми-тәжірибелік конференция, дөңгелек үстел және облыс орталығындағы өзге де ескерткіштердің маңы қоқыстан тазартылмақ.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ