ДИКТОР: Aqmola Invest кеңсесінде облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен кеңейтілген кеңес өтті. Аймаққа инвестиция тарту және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту кездесудің негізгі тақырыптарына айналды. Инвесторлардың жұмысына қандай кедергілер бар? Кездесу қорытындысы бойынша қандай шешімдер қабылданды? Оксана Зинченко айтсын.
РКС: Өңірде экономиканың қарқынды өсімі мен жаңа инвестициялар тарту жалғасуда. Мысалы, былтырғы жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 900 млрд. теңгеден асты. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Қазір облыстағы барлық жобаның жалпы құны 4 миллиард долларға тең. Астана маңындағы ет және сүт фермаларын қоса есептегенде азық-түлік белдеуін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бизнестің тұрақты жұмыс істеуі үшін инвесторлар негізсіз тексерулерден қорғалады.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Мемлекетіміздің экономикалық саясаты аясында әр инвестор өз құқықтарының нақты қорғалғанын сезінуі өте маңызды. Ақмола облысы инвестициялық белсенділік пен оң даму қарқынын сақтап отыр. Инвестиция өсімі бойынша еліміздегі ең жоғары көрсеткіштің бірі екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, Ақмола облысы Астана қаласының азық-түлік кластері. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру желісі дамып келеді. Атап айтқанда, сүт-тауар, мал шаруашылығы өнімдері және ет кластері. Осы бағыттағы барлық инвестор мен бағдарламалар тиімді әрі жедел жүзеге асырылуы тиіс. Сондықтан инвесторлар тізіліміне енгізілгендерге қатысты ешбір мемлекеттік орган немесе өзге құрылымдар Бас прокуратураның келісімінсіз тексеру жүргізе алмайды. Яғни, инвесторларды кез келген негізсіз тексерулерден қорғау қағидаты қамтамасыз етіліп, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырылды.
РКС: Айта кету керек, кәсіпорындардың жабылып қалуына себеп болуы мүмкін мыңнан астам заңсыз тексерулер мен тыйымдар жойылды. Енді жобаларды бақылауға технологиялар да көмектеседі. Мәселелер онлайн режимде көрініп тұрады, сондықтан прокурорлар шағым түспей-ақ жедел араласа алады. Сонымен қатар, әрбір ірі инвесторға тәулік бойы байланыста болатын жеке қызметкер бекітілген. Ол туындаған дауларды сотқа жеткізбей, жедел шешуге көмектеседі.
СНХ: ЖАНДОС ӨМІРӘЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Мұндай алғашқы құралдың бірі, әкімшілік қысымды шектеудің алғашқы тетігі ретінде прокурорлық сүзгі енгізілді. Енді инвесторларға, соның ішінде кәсіпкерлерге қатысты ешбір тексеру немесе шешім прокуратура органдарының келісімінсіз қабылданбайды. Егер ондай шешім қабылданған жағдайда, ол мемлекеттік органдардың, соның ішінде квазимемлекеттік сектордың шешімдері заңды күшіне ие болмайды. Өткен жылы бұл тетік инвесторлардың қатысуымен болатын сот дауларының 30 процентке, әкімшілік құқық бұзушылық істерінің 10 процентке қысқаруына, ал қылмыстық істердің екі есе артуына ықпал етті. Яғни, бұл құралдың тиімділігі нақты көрініп отыр.
РКС: Инвесторлардың өздері де мұндай жұмыс оң нәтиже беретініне сенімді.
СНХ: ГҮЛМИРА ИСАЕВА , ЕТ КЛАСТЕРІ КОНСОРЦИУМЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ: Бұл көптеген тексерістерді қысқартуға, кәсіпкерлерге түсетін жүктемені азайтуға және оларға өз ісімен, яғни мал шаруашылығымен, мал өсірумен айналысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ олар түрлі тексерулер мен есептер, құжаттар дайындау сияқты рәсімдерге алаңдамай, негізгі қызметімен айналыса алады.
РКС: Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңірдегі бизнес-ахуалды бірлесіп жақсарту мақсатында меморандумға қол қойды. Енді прокуратура «қорғаныс сүзгісі» ретінде жұмыс істейтін болады. Өңір басшысы әрбір осындай жоба облысқа жаңа жұмыс орындарын әкелетінін атап өтіп, мемлекет бизнесті нақты қорғауға кепілдік беруі тиіс екенін айтты.
ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ