ДИКТОР: Қазақстанда биыл мал шаруашылығын дамытуға 200 миллиард теңге бөлінеді. Елде жылдық мөлшерлемесі 6-проценттен аспайтын несиелік екі бағдарлама іске қосылды. Қаражат асыл тұқымды мал сатып алуға беріледі. Ақмола облысының фермерлері қолдау бағдарламаларына қатысуға дайын. Аймақта бұл сала қалай күшейтіліп жатыр? Оксана Зинченко айтсын.

РКС: Әділ Болатов 2019 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Серіктестік Зеренді ауданының Еңбекбірлік ауылында, Көкшетаудан 30 шақырым жерде орналасқан. Ет өнімдерін облыс орталығындағы жекеменшік дүкенінде сатады. Жыл сайын өндіріс қуаттылығын арттырып келеді. Мал азығына арналған жаңа қоймалар мен қоралар салуда. 2022 жылы кәсіпкер Аграрлық несие корпорациясы арқылы несие алған. Оған 20 бас жылқы сатып алған. Қазір кәсіпкер мал шаруашылығын дамытуға арналған жаңа бағдарламаға қатысу үшін құжаттар жинап жатыр.

СНХ: ӘДІЛ БОЛАТОВ, «ENBEK INVEST» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазір біз жылқы шаруашылығымен айналысамыз. Сондай-ақ бізде ұсақ мүйізді 1,5 мың бас мал бар. 500 бас аналық жылқы да өсіріп жатырмыз. Аграрлық несие корпорациясында «Игілік» бағдарламасы іске қосылған. Сол бағдарлама арқылы ірі қара мал сатып алуға несие рәсімдеуді жоспарлап отырмыз. Шетелден 300-ге жуық бас мал әкелмекшіміз. Қазір сол жағын нақтылап жатырмыз. Етті-сүтті ме, әлде тек етті бағыттағы мал әкелеміз бе деп. Қазір есеп нөмерін күтіп отырмыз. Келесі аптада оны алуымыз керек, себебі ол осы бағдарлама үшін қажет. Бұл – Аграрлық Кредит Корпорациясының талабы. Ірі қара мал үшін біз қазір екі базаны дайындап қойдық. Негізгі құжаттарды, соның ішінде қаржылық есептілікті, бәрін тапсырдық. Қазір ең бастысы – есепті нөмірдің берілуін күтіп отырмыз. Құжат жинауда ешқандай қиындық жоқ.

РКС: Биыл елде мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. 2030 жылға дейін Қазақстанда ірі қара мал басын 12 миллионға жеткізу міндеті қойылды. Жаңа қолдау бағдарламалары мал басын көбейтумен қатар, генетиканы сапалы түрде жаңартуға бағытталған. Жеңілдетілген қаржыландыру жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алуға жұмсалады.

СНХ: ӘНУАР ҚАЙЫРБЕКОВ, АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ КОРПОРАЦИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біз өтінімдерді екі бағыт бойынша қабылдаймыз. Біріншісі – «Игілік». Өтінім сомасы 1 миллиард теңгеге дейін, мал басы 100-ден 500 басқа дейін. Екіншісі – «Береке». Мал басы 500-ден жоғары, ал өтінім сомасы 5 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қаржыландырудың негізгі шарттары – жылдық мөлшерлеме 6-процент, несиенің мерзімі 7 жылға дейін, сондай-ақ 30 айға дейін жеңілдік кезеңі қарастырылған. Біздің сату арналары – Аграрлық несие корпорациясының филиалдары, екінші деңгейлі банктер және несие серіктестіктері. Бұл бағыттар бойынша негізгі талаптарды атап өткім келеді. Біріншісі – есептік нөмірдің болуы. Екіншісі – сатып алынатын мал асыл тұқымды және импорттық болуы тиіс. Сонымен қатар шаруашылықта тиісті инфрақұрылым болуы қажет.

РКС: Жақында бұл бағдарламалар ауыл шаруашылығының басқа да мал түріне кеңейтіледі. Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік қолдау саланың өнімділігіне оң әсер етеді.Өйткені Президенттің тапсырмасы бойынша басым бағыт – ел импортқа тәуелді болып отырған өнімдерді өндіру. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу де маңызды, бұл Қазақстанның нақты бәсекелестік артықшылығына айналуы мүмкін.

ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ