ДИКТОР: Жыл басынан бері Қазақстандағы кітапханаларға келушілер саны 11 миллионнан асты. Статистикаға сәйкес, оқырмандар саны бойынша Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ақмола облыстары алда келеді. Бұл көрсеткіш халықтың кітапхана қызметтері мен кітап оқуға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің деректері бойынша, Ақмола облысының тұрғындары өңір кітапханаларына 700 мыңнан астам рет жүгінген. Оқырмандар саны қандай критерийлер бойынша өсіп отыр? Қандай кітаптар сұранысқа ие? Оксана Зинченко айтсын.

РКС: Мерей Тлеубай кітапханаға жиі келеді. Рухани азық ордасы ол үшін бала күнінен екінші үйіне айналғандай. Отбасының барлық мүшесі кітапты жанына азық етіп келеді. Қазір қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің болашақ мұғалімі кітаптың адам өміріндегі маңызын айтуға дайын. Сүйікті шығармасы – журналист Дина Төлепбергеннің «13 Ақиқат» еңбегі.

СНХ: МЕРЕЙ ТІЛЕУБАЙ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Кітапханамен дос болу маған үлкен мүмкіндіктерін ашты деп айта аламын. Өйткені қазіргі таңда еркін сөйлеу, ойымды ашық жеткізу, әдебиет тілде шығарма, эссе жазу, өлең шығару деген қасиеттер дарыды. Қазіргі таңда, мен ойлаймын, қазіргі жастар кітапханаға көп қатты қызыға бермейді. Бұл өте өкінішті жағдай деп есептеймін. Тілі байлығы жағынан да, ойын еркін жеткізу жағынан да қысылады және толық айта алмайды. Ал осылай ойын жеткізіп анық, белсенді болу үшін баланы кішкентайдан бастап кітапханаға бару керек. Кішкентайдан бастап кітап оқылған бала телефонмен дос болмайды, ол кітаппен дос болады. Сондықтан қазіргі ата-аналарға айтарым сол. Кітаппен дос болсын балаңыз дегім келеді.

РКС: Жыл басынан бері Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына шамамен 12 мыңдай адам келген. Мамандар әр оқырман осы жерде өзіне қызықты дүниені таба алатынын айтады. Кітапхана қорында 300 мыңға жуық басылым бар, оның 80 мыңдайы мемлекеттік тілде. Жыл сайын кітапхана оқырмандарға 230 мың данадан астам кітап ұсынады.

СНХ: ЖАНЕЛЯ НАЗЫБАЕВА, М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП-ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Келуші оқырмандарға барлық қолайлы жағдай қарастырылған: кең, жарық оқу залдары, заманауи технологиялармен жабдықталған жұмыс орындары, мазмұны бай кітап қоры барлығы оқырманга жайлы орта сыйлайды. Оқкырмандар арасында Дулат Исабековтің «Қарғын», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармалары, сондай-ақ биылғы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында таңдалған көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» тарихи романы қалың оқырман сұранысына ие.

РКС: Кітапхана қабырғасында өткізілетін мәдени-ағартушылық шаралар, әдеби кездесулер мен оқырмандар клубтары келушілер санын арттыруға ықпал етеді. Жыл басынан бері облыстық кітапханада шамамен 500 іс-шара ұйымдастырылған. Оқырмандар конференциялары, ақындармен және жазушылармен кездесулер де өткізіліп тұрады. Биыл Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына 80 жыл. Мерейлі жылды кең көлемде атап өту жоспарланып отыр.

ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ