ДИКТОР: Ақмола облысында жыл сайын ит жүгіртіп, құс салуға ден қойған азаматтардың қатары артып келеді. Зеренді ауданында тұратын Ахмет Машарупов тазы асырайды. Мақсатым - ежелден келе жатқан көне дәстүрді қайта жаңғыртып, құмай тазылардың тұқымын көбейту, - дейді ол. Екі тазысы көптеген республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарып атанып жүр. Ата кәсіпті аманат тұтқан итбегімен әріптесім Лаура Елубаева кездесіп қайтты.

РКС: Асыл қазынамыз тазының қадірі мен қатары артып келеді. Бүгінде жеті қазынаның көбеюіне өз үлесін қосып, астына тонын төсеп, төріне шығарып жүрген саятшының бірі - Ахмет Сазсызбайұлы. Ол құмай тазы десе ішкен асын жерге қояды. Баптап жүрген 2 тазысы ауқымды жарыстарда олжа салып жүр.

СНХ: АХМЕТ МАШАРУПОВ, ЕЛІКТІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Осы тазыны күшік кезінен алғанмын. Бір айлық кезінде. Аты - Тасқын. Асыл тұқымды тазылар осыдан басталады деп айтса болады. Бұл тазы - Оқжетпес деген. Осы тазының күшігі. Бұл Тасқын деген тазы 2019 жылы "Асыл қазына" федерациясының чемпионы болып атанды. Оған дейінде осы жерде ұйымдастырылып жүрген жарыстарда чемпион атанып жүрді. Былайша айтқанда енді 16 старты болды. Соның 14-де бірінші орын алды. Бұл тазымыз жақсы. 9 жасар болып келеді. Стандартқа барлығына сай.

РКС: Тазылардың аң аулау тәсілі әртүрлі, - дейді итбегі. Бірі ұстаған аңының тірсегін қиса, екіншісі белден бүріп, омыртқасын үзеді. Көбіне қоян, қарсақ, борсық сынды аңдарды аулайды. Бұл тазылардың азығы да өзгеше. Тек сүт өнімдерімен және таза етпен қоректенеді. Қазақ тазыны жарғақ және шашақ құлақ деп екіге бөледі. Мамандардың айтуынша, қазақ тазы¬сының бойы - 65-70 см, салмағы - 20-25 келі. Ал жылдамдығы сағатына 50 шақырым.

СНХ: АХМЕТ МАШАРУПОВ, ЕЛІКТІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Былтыр осы ауылда, осы алаңда жылдамдық өлшедік тазының. Сол кезде бұл тазым менде екінші показательді көрсетті. 57 километр сағатына. Максималды жылдамдықты ұтып алған Қарақұс деген тазы. Оның жылдамдығы 58 болды. Бірақ та, кей жерлерде бұларда 59-60-да көрсетті. Менің ойымша, тазының максималды жылдамдығы 59-60 километр сағатына көрсете алады. Ал, елік сондай үлкен аңдарға жүгіретін болса бұлар жылдам жүгіреді.

РКС: Қазір аймақта осындай тазы баптайтын 100-ден астам итбегі бар. Олар өңір намысын түрлі республикалық, халықаралық сайыстарда лайықты қорғап жүр. Алдағы уақытта тиісті қолдау күшейсе, аймақтағы асыл тұқымды иттер саны артып, итбегілер қатарының да көбейетініне сенім мол.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ