ДИКТОР:Қазіргі қазақ қоғамында әйелдердің ролі дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, саясат, бизнес, білім және технология салаларында белсенді қызмет атқаруға бағытталған. Қазақстан халқының 52%-ын құрайтын әйелдер мемлекеттік аппараттың жартысынан астамында және бизнестің 48%-ында нәтижелі жұмыс істеуде. Олар - ана мен жар ролін кәсіби жетістіктермен ұштастырып жүрген белсенді әлеуметтік күш.
РКС: Күләш Рақымова облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы. Кадрлық жұмыстарды қадағалаумен қатар, қоғаммен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, білім ордаларымен жұмысты үйлестіріп қана қоймай, жеке және заңды тұлғалардан келетін өтініш, шағымдарға жауап беру міндеттерін атқарады. Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық ахуал жайында түрлі акциялар, байқаулар ұйымдастырады. Атқарған қызметі елеусіз қалмай «Ерен еңбегі үшін», «Экология саласының үздігі» төс белгілерін омырауына қадады.
СНХ: КҮЛӘШ РАҚЫМОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Әйел адам үшін қызмет пен отбасын тең ұстап, қатар алып жүру оңай емес. Бәріне үлгеру керек. Бұл жерде ерінбеу керек және өз ісіңе мықты болу керек. Мықты маманды қызметте бағалайды және сенің өз балаларыңның алдында да беделің жоғары болады. Мені жұбайым үнемі қолдайды. Отбасының тірліктерін бірге атқарамыз.
РКС: Күләш Зейнекешқызы төрт баланың анасы. Қызметі мен бала тәрбиесін қатар алып келе жатыр. Қолы қалт еткенде жасы сексеннен асқан анасына құстай ұшып жетеді. Ас-суын әзірлеп, әңгімелесіп қайтады. Биязы да қайырымды жан ағайындарына да сыйлы. Қарт әжесін күтіп, келіндік міндетін адал атқарып, ақ батасын алды. Қазір де қайын енесімен құрбысындай сырласып, науқас жұбайының жағдайын жасап келеді. Елгезек жанды әріптестері де сыйлап, құрмет тұтады.
СНХ БОЛАТ ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ: Күләш Зейнекешқызы өте білімді маман, заңдарды өте жақсы біледі. Көп кеңес бере алады. Жас мамандардан ақылын аямайды. Ол әр қызметкердің отбасындағы жағдаймен жете танысып, қол ұшын созып, көмектесуге дайын тұрады. Ол тек әріптес қана емес, біздің жанашыр досымыз, қарындасымыздай. Арамызда жүргеніне өте қуаныштымыз.
РКС: Тарихи тұрғыдан қазақ әйелі тек ошақ басында емес, қажет болғанда ел басқарып, саясатқа араласқан. Бүгінгі таңда бұл дәстүр «ана болу мен кәсіби өмірді тең ұстау» моделімен жалғасуда. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы, гендерлік теңдікті нығайту және жұмыс орнындағы теңсіздікті жою бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл үрдіс әр мекемеде қолға алынып жатыр.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ