ДИКТОР: Көкшетауда Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттарына Конституцияның негізгі қағидаттары мен оң өзгерістері түсіндірілді. Сонымен бірге кездесу барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелері де жан-жақты талқыланды.
РКС: Жастар арасындағы өзекті мәселенің бірі – нашақорлық. Кездесуде осы кеселдің алдын алу тақырыбы көтерілді. Мамандар профилактикалық жұмыстар мен алдын алу шараларының маңыздылығын атап өтіп, салауатты өмір салтын насихаттаудың қоғамға тигізетін пайдасын жан-жақты түсіндірді.
СНХ: АБЗАЛ БЕКБОЛСЫНОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ: Осы академияның құрамымен яғни курсанттарымен бүгін кездесу өткізіп, біздің жақында, 15 наурызда референдум арқылы қабылдаған Ата заңымызға, өзгерістерге жеке құрамға талқылама, қарапайым тілмен айтқанда түсініктеме жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, осы кездесу барысында біздер мынау есірткіге қарсы профилактикалық жұмысты алдын алу жөнінде осы жеке құраммен, осы курсанттармен біз түсіндірме жұмыстар жүргіздік.
РКС: Кездесу барысында тәуелділікпен күресіп жатқан азаматтар өз оқиғаларымен бөлісті. Нашақорлықтың салдарын нақты оқиғалар арқылы баяндап, дер кезінде көрсетілген көмек пен қолдаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
СНХ: АБЫЛАЙ ХАБУЛОВ, ЕМ АЛУШЫ: Мен ауқатты отбасында дүниеге келдім, материалдық қиындық болды деп айта алмаймын. Яғни, есірткі қолдануға нақты себеп те болған жоқ. Мектепті алтын белгіге аяқтадым. Университетте қызыл дипломға келе жаттым. Оқып жүріп есірткі қолдана бастадым. Сол кезде профилактикалық жұмыстар жүргізетін мамандар келетін. Сол кезде мен де сендер сияқты орында отырып, «басқалар әлсіз, мен мықтымын, менімен ондай жағдай орын алмайды деп ойладым». Бірақ тәуелділік адам таңдамайды, бір рет қолданғанның өзінде адамның өмірі түбегейлі өзгеріп кетуі мүмкін. Сол кезде 23 жаста едім, ештеңе болмайды деп ойладым.
РКС: Аталған шара курсанттардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға және қоғамдағы өзекті мәселелерге бей-жай қарамауға бағытталды.
СНХ: ШЫҢҒЫС ТҰРСЫНОВ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Бүгін бізге есірткі жайлы және де Қазақстан Республикасының Конституциясы жайлы айтылып жатыр. Тек теориялық жұмыстар ғана емес практикалық жұмыстар да жүргізілді. Есірткі туралы айта кететін болсақ, бүгін бізге шын мәнінде өмірде қолданып жүрген азаматтары келіп өзінің өмірбаяны туралы айтып кетті. Және де біз енді кәмелеттік жасқа толып жатқандықтан біздің жасымыздағы балалар және академиялық курсанттарының арасында болуы мүмкін, осы есірткі саласы көп қолданылуы мүмкін. Өткізілген жиналыстан өзімізге керек көп ақпарат алдық.
РКС: Мұндай форматтағы түсіндіру шаралары алдағы уақытта өзге де оқу орындарында жалғасын табады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ