ДИКТОР: Өңірде бірден екі аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарын биыл маусым айының ортасына дейін аяқтау жоспарлануда. Қазір денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жұмыстары Ақкөл және Шортанды аудандарында жүргізіліп жатыр. Өңір басшылығы жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр. Жөндеу жұмыстарының барысымен облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова танысты. Толығырақ тілші материалында.

РКС: Ақкөл аудандық ауруханасында 22,5 мың тұрғын медициналық көмек алады. Мұнда күрделі жөндеу жұмысы 2024 жылы басталған. Мердігер ұйыммен 1,3 миллиард теңге көлемінде келісімшарт жасалды. Құрылыс жұмыстары бюджеттен бөлінген қаржының түсуіне қарай кезең-кезеңімен жүргізілді. Алайда ағымдағы жылдың басына дейін небәрі 400 миллион теңгеден сәл ғана астам қаражат бөлініп, игерілген.

СНХ: ӘЛІБЕК НҰРҒАЛИЕВ, МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгінгі күнге дейін аурухана бойынша барлық инженерлік желілер жүргізілді. Капитальді жөндеуден өтіп жатқан аумақ жылу, су және электр желілеріне қосылды. Барлық ішкі электр желілері орнатылды, жарықтандыру және желдету жүйелерінің жұмысы да дерлік аяқталды. Барлық қара жұмыс негізінен аяқталды. Тек әрлеу жұмыстары қалды. Ең күрделі, ең көп еңбек талап ететін жұмыстар бізде орындалды. Қазір тек соңғы әрлеу жұмыстары ғана жасалады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін барлық қаржы қарастырылған және ағымдағы жылға бөлінген. Біз өз тарапымыздан жобаны маусым айының соңына дейін аяқтауға және тапсыруға кепілдік береміз. Жоспар бойынша, Медицина қызметкерлері күніне дейін объектіні пайдалануға енгізу көзделген.

РКС: Облыс әкімінің орынбасары атап өткеніндей, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету мәселесі өңір басшысының жеке бақылауында. Алтынай Әміренова мердігер ұйымдардың басшыларымен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесіп, қаржыландыру мәселесінің толық шешілгенін ерекше атап өтті. Қазір басты міндет – жұмыстарды белгіленген мерзімде сапалы аяқтау.

СНХ: АЛТЫНАЙ ӘМІРЕНОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тұрғындарға медициналық көмек көрсету саласында бірқатар мәселе бар. Шортанды және Ақкөл аудандық ауруханаларындағы күрделі жөндеуді аяқтау үшін қажетті қаржыны іздеу туралы шешім қабылданды және тиісті тапсырма берілді. Бүгінгі күнге дейін осы қаражат қарастырылған. Сондықтан біз бүгін күрделі жөндеулер жүргізіп жатқан мердігерлерді, жауапты басқарма өкілдерін және аудан әкімдіктерін жинадық. Күнделікті осы мәселелер бақылауда болады. Аудан әкімдіктері бұл мәселелерді күнделікті қадағалауы тиіс. Денсаулық сақтау басқармасы өз мамандарын осы нысандарға бекітеді. Сол сияқты, жергілікті жерде де жұмыстың орындалуы мен сапасы бойынша күнделікті сағаттық бақылау жүргізілуі қажет.

РКС: Жөндеуден өткен ауруханалар заманауи жабдықпен қамтылмақ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық мекемелерге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға уәде беріп отыр.

СНХ: НАРИМАН ЕРМЕК, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Ауруханаға компьютерлік томограф аса қажет. Өйткені, біз жол бойындағы қозғалыс пен логистиканы зерттеп шықтық. Тас жолда жол-көлік оқиғалары жиі орын алады. Сондықтан мұнда, әрине, компьютерлік томографты қоса алғанда, қажетті жабдықтарды да сатып алу қажет. Қазір денсаулық сақтау басқармасы «КазМедТех» арқылы компьютерлік томографты лизингке алу мүмкіндігін қарастырып, қаржы көздерін іздестіруде. Бұл қосымша жабдық ретінде болмақ. Қазір ғимаратта компьютерлік томографияға ыңғайлы орын да қарастырылып жатыр. Егер мүмкіндік болса, жыл соңына дейін мұнда компьютерлік томографияны іске қосуды жоспарлап отырмыз.

РКС: Астана–Көкшетау тас жолы бойындағы медициналық ұйымдарды жедел диагностикалау және көмек көрсету мүмкіндіктерімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр,-деді өңірдің бас дәрігері. Сондай-ақ, Шортанды және Ақкөл аудандарындағы ауруханаларға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын мердігерлерге медицина қызметкерлері күніне орай, маусым айының ортасына дейін аяқтау тапсырылды.

ОКСАНА ЗЕНЧЕНКО ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ