ДИКТОР: Көкшетауда инклюзивті білім берудің дамуы мен нейроәртүрлілікті қолдау мәселелері талқыланды. Кездесу «Qolqanat» әлеуметтік жобасы аясында өтті. Аталған шараға мамандар, депутаттар және қоғамдастықтың өкілдер қатысты.

РКС: Іс-шараны Ақмола облыстық мәслихаты мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылыми-зерттеу лабораториясы бірлесіп ұйымдастырды. Оған білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен ата-аналар қатысты. Негізгі назар ерте диагностикаға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетуге және отбасылармен жұмыс жасауға аударылды.

СНХ: РУСЛАН ШӘМКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТЫ: Өкінішке орай, бүгінде бұл ауру өршіп тұр. Емдеудің жаңа әдіс-тәсілдері пайда болып жатыр. Ерекше балалармен ғана емес, ата-аналармен де жұмыс істеу маңызды. Бала аутизммен дүниеге келген кезде кейбір жас ата-аналар ақпараттың жеткіліксіздігінен дұрыс бағытта қолдау ала алмай жатады. Бұл кейін емдеу кезіндегі қиындықтарға әкеліп соғуы мүмкін. Астана қаласында жаңа «Doctorina Asia» клиникасы ашылды. Осы кездесуге бүгін өз өкілдерін жіберіп отыр. Олар емдеудің жаңа тәсілдері, сондай-ақ балалармен ғана емес, ата-аналармен тиімді жұмыс істеудің әдістері жөнінде ақпарат ұсынуда.

РКС: Кездесудің практикалық бөлімінде шақырылған мамандардың қатысуымен шеберлік сабақтары өткізілді. Олар қазіргі заманғы коррекциялық әдістемелерді таныстырып, аутизм спектрі бұзылған балаларды емдеу мен қолдау тәсілдеріне тоқталды.

СНХ: ТАЛҒАТ ҚАЛИЕВ, ЭРГОТЕРАПЕВТ (АСТАНА ҚАЛАСЫ): Бізде қарақұс миын стимуляциялау, сенсорлық интеграция, нейродинамикалық гимнастика, сондай-ақ дозаланған физикалық жүктемелер сияқты әдістемелер қолданылады. Сонымен қатар, Томатис, биоакустикалық коррекция, микрополяризация, кезбе жүйкені стимуляциялау және электроэнцефалография сияқты аппараттық әдістер де жүргізіледі. Осы сапарымызда ата-аналарды ерекше балалармен дұрыс жұмыс істеу тәсілдерімен таныстырып, сондай-ақ баланың мінез-құлқын түзету мен дамуын жақсартуға бағытталған коррекциялық және профилактикалық шаралар туралы ақпарат беріп жатырмыз.

РКС: Мамандар соңғы бір жылда шаhарда аутистік спектр бұзылыстары бар балалар санының артқанына алаңдаулы. 2024 жылы олардың саны шамамен 800 болса, өткен жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 1000-нан асты. Қалада балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі. Арнайы түзету кабинеттері жұмыс істеп, бейінді мамандар көмек береді.

СНХ: СӘУЛЕ ЕСКЕНДІРОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-МЕДИЦИНАЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КЕҢЕС БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның мамандары скрининг аясында айына екі рет емханаларға барып, дамуда ерекшелігі бар балаларды анықтайды. Баланың мінез-құлқында қандай да бір аутистік спектр бұзылыстары байқалса, Көкшетау қаласындағы психолого-педагогикалық түзету кабинеттерінде қолдауды алуды ұсынады.

РКС: Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, практикалық ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдеседі.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ