ДИКТОР: Жыл басынан бері мүгедектігі бар 200-ге жуық азамат мемлекет тарапынан қолдау алды. Шамамен 150 адам жұмысқа орналастырылды. Көпшілігі «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Қысқа мерзімді кәсіби оқытудан өтіп, мемлекеттік гранттарға ие болды. Аталған бағдарламаның игілігін көрген кәсіпкермен тілшіміз тілдесіп қайтты.

РКС: Константин Нохрин 2022 жылы Ақмола облысының «Бірлік» мүгедектер одағына келіп, өз идеясын айтады. Бастапқыда мүгедектер арбаларын жөндеуді қолға алды. Екі жыл бұрын «Бастау бизнес» жобасы аясында қайтарымсыз грант иеленіп, құрал-жабдықтар сатып алды. Өз ісін ашып, тіпті бір адамды жұмыспен қамтыды.

СНХ: КОНСТАНТИН НОХРИН, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біз тігін жабдықтарын жөндеумен, сондай-ақ пышақ, қайшыларды қайрап, тұрмыстық шағын техникаларды да жөндейміз. Құралдарды қайрауды осыдан екі жыл бұрын бастадым. Бұл идея төрағамыз Рамазан Сапарұлыныкі еді. Ол станоктармен жұмыс істей алатын қабілетімді көріп, 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грантқа өтінім беруімді ұсынды. Оған арнайы құрал-жабдықтар сатып аласың деді. Осылайша бизнес-жоспар жазып, сол грантқа өтіп кеттік. Бөлінген қаражатқа құрал-жабдықтар сатып алдым. Жеке кәсіпкерлігімді ашып, жұмыс істеп жатырмын.

РКС: Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдауға дайын жұмыс берушілерге қолдау көрсетеді. Жергілікті бюджет есебінен оларға жұмыс орындарын жабдықтау шығындары өтеліп, қызметкерлер жалақысының бір бөлігі төленеді. Биыл ерекше қажеттілігі бар 60-тан астам ақмолалық субсидияланған жұмыс орындарын алды. Соның арқасында Константин Нохрин өзіне жұмысшы тапты.

СНХ: ВЛАДИМИР ДЕМЕЩЕНКО, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен ОЮЛ «Бірлік» орталығында арнайы орындар бағдарламасы бойынша пышақ ұштаушы маман болып жұмыс істеймін. Пышақтарды ұштаумен айналысамын, ал жұмыстан бос уақыттарымда пара пауэрлифтингпен шұғылданамын. Пара пауэрлифтингтен спорт шеберлігіне кандидатпын. Жұмыс маған ұнайды, ұжым көңілді, ешқашан жалықпайсың.

РКС: «Бастау Бизнес» жобасы аясында 30-дан астам мүгедектігі бар адам кәсіпкерліктің негіздері бойынша оқытудан өтті, олардың 11-і курсты сәтті аяқтап, сертификат алды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар екі адам қамтылды. Мемлекет қабылдап отырған шараларға қарамастан, мүгедектігі бар адамдардың еңбекке орналасу мәселесі өзекті болып қалуда. Көптеген жұмыс берушілер бұл адамдарға алдын ала теріс көзқараспен қарап, олардың өнімділігі төмен болады немесе қосымша шығындар талап етеді деп санайды. Барлық жұмыс орындары мен ғимараттар олардың қажеттіліктеріне бейімделген жоқ, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың өзі кейде білім алу мен кәсіби даярлыққа шектеулі қол жеткізеді, бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Нәтижесінде олардың көпшілігі жұмыссыз қалады немесе төмен жалақылы әрі біліктілігі аз қызметтерді қабылдауға мәжбүр болады.

МӨЛДІР ЕЛЕМЕС, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАИРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ