ДИКТОР: Ұлағатты ұстаз, тарих пәнінің майталманы Зарлық Сердалыұлының туғанына биыл 100 жыл. Айтулы датаға орай ұстаздың туған жері – Бурабай ауданына қарасты Қызылағаш ауылында 9-11 сынып оқушылары арасында тарих пәнінен аудандық олимпиада ұйымдастырылды. Білім сайысына ауданның әр түкпірінен 40-қа жуық оқушы қатысты.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі жоғары деңгейде өтті. Шара барысында туған жер тақырыбындағы әндер шырқалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Кешке арнайы қатысқан, кезінде Зарлық Сердалұлының тәлімін алған шәкірттері мен оны көзі көрген әріптестері ұстаз жайлы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

СНХ: ГҮЛЗАДА ҚАСЫМОВА, ЗАРЛЫҚ СЕРДАЛЫҰЛЫНЫҢ ӘРІПТЕСІ: Осы мектепте жұмыс істедім. Бүгін 100 жылдық еске алуға арналған Сердалин Зарлық Сердалыұлымен бірнеше жыл қызметті бірге істедік. Сол кезде менің алғашқы маған осы мектеп саласында, жалпы оқу білім саласында қызмет істеудің әдіс-тәсілдерін үйреткен менің ең бірінші ұстазым деп айтуға да болады. Мұғалім ретінде өте жоғары білімді, өте талантты, тәжіребилі, саналы өте жан-жақты ұстаз деп айтуға толығымен келеді.

РКС: Қатысушыларға А, В, С деңгейлері бойынша сараланған 20 тест тапсырмасы ұсынылды. Әр оқушы өз сыныбына сәйкес келетін сұрақтарға жауап беріп, білімін сынға салды. Бұл сайыс олардың тарих пәні бойынша дайындығы мен дәрежесін айқын көрсетті.

СНХ: ЖАНСЕЗІМ КЕНЖЕБАЙ, ШУЧИНСК ҚАЛАСЫ №9 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Олимпиада өте жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Тест сұрақтары өте оңай болды деп есептеймін. Себебі, өтілген тақырыптар, бір ғана кезеңді берді. Мен осы олимпиадаға бірінші орын аламын деген мақсатпен келіп едім. Сол мақсатыма жеттім десем де болады. Және де мен оған өте қатты қуаныштымын.

РКС: Ұстаздық – ұлы есім. Осындай ұлы жолды өмірінің мәніне айналдырған жанның бірі – Зарлық Сердалыұлы. Ол туған жерінде аянбай еңбек етіп, саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Талай буынға тарихтың терең сырын үйретіп, шәкірт жүрегіне білімнің шуағын септі. Ұлағатты ұстаздың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол аудандық, облыстық, республикалық деңгейде бірнеше мәрте марапатталып, «Отличник просвещение КазССР» төсбелгісінің иегері атанды. Есімі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жарық көрген «Ұстаздар әулеті» кітабына енді. Бүгінде ұстаз салған сара жолды оның ұрпақтары жалғастырып келеді.

СНХ: МӘНСИЯ СЕРДАЛИНА, ЗАРЛЫҚ СЕРДАЛЫҰЛЫНЫҢ ҚЫЗЫ: Әкем анам екеуі 9 бала тәрбиелеген. Бауырларым келіп отыр, әкемнің жалғастырушы мен қызы болсам, немере жиендері де ұстаздық, әкем секілді тарихшы да бар, математик те бар, қазақ тілінің де мамандары бар. 9 немересі әкемнің жолын жалғастырып келе жатыр.

РКС: Білім бәйгесінде үздік деп танылғандарға І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдар табысталып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұл шара білім саласындағы бәсеке ғана емес, ұстаздардың қажырлы еңбегін дәріптеу мен құрметтеудің айқын көрінісі.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ