ДИКТОР: Облыста 14 мыңдай бала ерекше білім беру жағдайларын қажет етеді. Бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді. «Білім берудегі инклюзия: болашаққа көзқарас» атты семинар барысында сарапшылар, педагогтер мен ата-аналар қолжетімді әрі жайлы білім беру ортасын қалай құруға болатынын талқылады. Шараның негізгі мақсаты, тек теориялық мәселелерді қарастыру ғана емес, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің нақты практикалық дағдыларын мамандарға үйрету.

РКС: Аутизм-жүйке дамуының бұзылуы. Бұл дертке қатысты ақпараттандыру жұмыстары ай соңына дейін жалғасады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар оқитын 14 мектепте тақырыпқа сай шаралар өтуде. Оқушылар үшін түсіндіру жұмыстары, ата-аналар мен педагогтерге арналған арнайы жиналыстар мен сынып сағаттары ұйымдастырылды. №12 жалпы білім беретін мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар 80-нан астам бала бар. Олардың 40-қа жуығы арнайы сыныптарда оқыса, қалғаны жалпы білім беретін сыныптарда оқиды. Оларға қолдау көрсету мақсатында, құрамында психолог, логопед және дефектолог мамандары бар сүйемелдеу қызметі жұмыс істейді. Семинар барысында педагогтер барлық оқушыларға тең жағдай жасауға бағытталған практикалық тәсілдерді меңгерді.

СНХ: ГУЛСЕЗІМ ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН №12 МЕКТЕПТІҢ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ КООРДИНАТОРЫ: Бүгінгі семинарымыздың негізгі мақсаты инклюзивті білім беру саласындағы тәжірибемен бөлісу. Мамандар мен ата-аналар арасында өзара ынтымақтастықты нығайту және ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларды қолдаудың тиімді жолдарын қарастыру. Біздің басты мақсатымыз, әр баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау. Олардың қоғамға толыққанды бейімделуіне жағдай жасау. Осындай іс-шаралар арқылы біз инклюзивті мәдениетті қалыптастырып, қоғамның әрбір мүшесін құрметпен қарау құндылығын қалыптастырамыз.

РКС: Осыдан 2 жыл бұрын мектепте инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Бұл қадам өңірдегі оң игі істің бастамасына айналды. Қазір облыс бойынша осындай 80-нен астам кабинет жұмыс істейді. Онда мыңға жуық бала білім алады. Бұдан бөлек, мамандандырылған 5 түзету мектебі мен 20-дан астам балабақша іске қосылған.

СНХ: ГАУХАР БЕКЕНОВА, ЛОГОПЕД-ДЕФЕКТОЛОГ: Өте өзекті тақырып, көтеру керек және қазір көбінесе бізде тек термин ретінде я болмаса инклюзия деп айтамыз. Бірақ терминнің аржағында бізде міндетті түрде баланың жеке тұлғасы, ішкі сезім, атананың жұмысы жатады. Сондықтан мен ойлаймын, қазіргі таңда жалпы тек аутизм жайлы немесе инклюзия, білім жайлы көп айту керек. Және бұл бағдарлама көбінесе қарапайым осы қоғамға жеткізу мақсатымыз. Себебі, ерекшеліктің артында көбінесе өте ауыр тағдыр жатады. Сондықтан біздің қоғам оны бірінші қабылдау керек, екінші сол балаларды бейімдеу үшін біздің қоғамда, әсіресе біздің қалалы жерде көп мекемелер ашылса екен деп ойлаймын.

РКС: Семинар аясында балаларға арналған практикалық сабақтар ұйымдастырылды. Онда оқушылар қыш өнерімен бірге шегені қағу арқылы сурет салу шеберліктерін игерді.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ