ДИКТОР: Қазақстан ауқымды цифрлық трансформацияға сенімді қадам жасап келеді. Жасанды интеллектті дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының біріне айналды. Биылғы жыл Жасанды интеллект пен цифрландыру жылы ретінде жарияланды. Қазірдің өзінде заманауи технологиялар өмірдің түрлі саласына енгізілуде. Әсіресе білім беру саласына тың серпін әкеліп отыр.
РКС: Өткен жылдың ортасында халықаралық және отандық сарапшылардың қатысуымен жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, арнайы министрлік құрылды. Бұдан бөлек, елімізде Alem.Cloud және Al-Farabium сияқты заманауи суперкомпьютерлер іске қосылды.
ЦИТАТА: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды.
РКС: Көкшетауда жасанды интеллект оқу үдерісіне белсене пайдаланылуда. Ол мұғалімдерге тапсырмаларды тексеруді автоматтандырып, оқушылардың оқу үлгерімін сараптауға және жеке-дара оқыту бағдарламаларын таңдауға мүмкіндік береді.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: АРУЖАН ӘЛИНА, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ IT МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Бұл жерде біз сабақтың барысында әртүрлі платформаларды қолданамыз. Мысалға дикит, одан бөлек Курипо Джимини платформаларды қолдана отырып, біз жасанды интеллекті дамытқанбыз. Одан бөлек біздің мектепте оқушылармен, сабақтардың арасында көптеген кері байланыстар жасалады.
РКС: Оқушылар жасанды интеллектті күнделікті өмірде де тиімді пайдаланып, ақпарат іздеуден бастап өз жобаларын жасауға дейін қолданады.
СНХ: МИРАС БЕКЕШЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ IT МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Біздің мектепте жасанды интеллектті қолданатын көптеген жобалар бар. Біз оны жаңа нарықтық мүмкіндіктерді іздеу мен жобаның техникалық бөлігін жасау үшін пайдаланамыз. Мысалы, жасанды интеллектке нақты промпт жазып, шыққан кодты Python сияқты бағдарламаларға енгіземіз де, дайын жобаны шығарамыз.
РКС: Оқу үдерісіне цифрлық әдістерді енгізудің жағымды тұстары да байқалады. Оқушылардың білімге құштарлығы артып, цифрлық сауаттылықтары дами түседі. Білімнің сапасы да біршама жақсара түскен. Ұстаздардың пайымы осындай.
РИЗА ЖҰПАРИЯ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ