ДИКТОР: «Ер қанаты–ат» деген дана сөз қазақ халқының болмысы мен рухын айшықтайтын асыл ұғым. Бүгінде өңірде осы дәстүрді жалғап, аттың құлағында еркін ойнап, ұлттық ойындарды насихаттап жүрген жастардың қатары көбейіп келеді. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отырған Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған мектебі өңірдегі іргелі білім ордаларының біріне айналған. Мұнда төл спорттың түрлері бойынша 900-ден астам жас спортшы шеберліктерін шыңдап келеді.

РКС: Аталған білім ордасында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, бәйге, құсбегі секілді ұлттық ойындардың бөлімшелері табысты жұмыс істеуде. Соның ішінде ат үстіндегі ұлттық ойындарға басымдылық берілген. Әсіресе, «Теңге ілу» ойынына қызығушылық танытатын жастардың қатары жыл санап артып келеді.

ИНТЕРШУМ:

РКС: «Теңге ілу» ептілік пен қайсарлықты қатар талап ететін ерекше ұлттық ойын. Спортшы желіп келе жатқан аттың екпінін бәсеңдетпей, жердегі тиын салған матаны еңкейе іліп алып, оны артына тастауы тиіс. Мұндай шеберлік үлкен дайындық пен темірдей тәртіпті қажет етеді. Сондықтан бұл спорт түрінде жасөспірімдердің дене бітіміне ғана емес, мінез-құлқына да айрықша мән беріледі. Өйткені нағыз спортшы жеңіс тұғырынан көрініп қана қоймай, жүйрік аттың бабын да таба білуі де маңызды.

СНХ: ДАНИЯР МҰРАТОВ, ТЕҢГЕ ІЛУ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНЫНЫҢ СПОРТШЫСЫ: Теңге ілу ат спортымен 2 жыл айналысып келемін. Бірінші жылдары қатысқан кезде финалға шығып, 4-ші орын алғанмын. Жарыс барысында ең қысатыны уақыт. Қобалжу болады. Өзімнің атым сұр көжек. Бойы тапал, жақсы ат. Шабысы мықты. Управлениясы мықты. Тіке шабады басқа аттарға ұқсамайды.

РКС: Өңірде «Теңге ілу» спортынан болашақ чемпиондарды тәрбиелеп жүрген тәжірибелі жаттықтырушы Жандос Қалымтаев өз ісінің нағыз жанашыры. Ол кезінде өзі де талай дүбірлі додада топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінген саңлақ спортшы. 2018 жылдан бері аталған спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етіп келе жатыр. Қазір оның 10-нан аса шәкірті бар. Жаттықтырушының айтуынша, теңге ілу – жай ғана спорт емес, ол жасөспірімдердің бойында ер азаматқа тән мінез-құлықты қалыптастыратын ерекше ұлттық ойын.

СНХ: ЖАНДОС ҚАЛЫМТАЕВ, ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Тізгін ұстаған бала өз-өзіне сенімді болады. Дене бітімі жақсы болады баланың. Ұлттық спорт мектебінде дайындаймыз баланы. Таңғы ауысым, түскі ауысым деген болады. Ең бірінші біз атты дайындаймыз жарысқа. Содан кейін ат пен бірге баланы бөлек физический дайындаймыз. Ол жерде айта кетсек, ат балаға сай болуы керек. Бойы аласа болуы керек, биік ат болса балаға теңге ілу қиын болады

РКС: Тамызда Ақмола облысының аумағында «Теңге ілу» ұлттық спортынан республикалық деңгейдегі ірі жарыс ұйымдастырылмақ. Бұл додада елдің ұлттық дәстүрін дәріптеп, ата жолын жалғап жүрген үздік спортшылар өзара бақ сынайды. Қазір осы байрақты бәсекеге қатысатын Балуан Шолақ атындағы облыстық ұлттық спорт мектебінің 3 тәрбиеленушісі тыңғылықты дайындықты бастап кетті. Олар шеберліктерін шыңдап, облыстың намысын абыроймен қорғауға ниетті.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ