ДИКТОР: «НОВОПЭК» брендімен танымал «Асыл Арман» серіктестігінің базасында «AMANAT» партиясы бастауыш партия ұйымының салтанатты ашылуы өтті. Енді жұмысшылар өз ұсыныс-пікірлерін тікелей жеткізіп, әлеуметтік жобаларға қатыса алады.
РКС: Өңірде «AMANAT» партиясының екі жүзден астам бастауыш партия ұйымы табысты жұмыс істеп келеді. Оның құрамында 40 мыңға жуық азамат бар. Партия филиалдары кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Осы тиімді ынтымақтастықтың нақты көрінісі ретінде партиялық желі кеңейіп, «Новопэк» сынды ірі кәсіпорын базасында тағы бір бастауыш партия ұйымы ашылды. Айта кету керек, аталған өндіріс ошағымен ынтымақтастық бұрыннан қалыптасқан. Мұнда үш жылдан бері қоғамдық қабылдау бөлмесі үздіксіз жұмыс істеп, өңір тұрғындары мен қызметкерлерге білікті заңгерлік кеңес пен нақты көмек көрсетіліп келеді.
СНХ: МИРАС ҚАПАР, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бүгінде шешуді қажет ететін түрлі мәселе көтерілуде. Оның ішінде қызметкерлерімізге қатысты өзекті сұрақтар да бар. Әсіресе, жастарға ерекше көңіл бөлу маңызды. Сол себепті олардың спорт, ғылым және технология салаларындағы қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін шағын топтар құруды жоспарлап отырмыз. Менің ойымша, бастауыш партия ұйымы жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз алдағы жұмысымызды дәл осы бағытта жүйелі түрде жүргіземіз. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының мемлекеттік деңгейдегі ықпалы жоғары, бұл өз кезегінде бастамаларды тиімді жүзеге асыруға кең мүмкіндік береді.
РКС: Аймақта «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған 2027 жылға дейінгі Жол картасы жүзеге асырылып келеді. «Жер аманаты» жобасы аясында пайдаланылмай жатқан 25 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық аумақтарды дамытудағы маңызды бағыттың бірі. Былтыр ауыл кәсіпкерлеріне 2,5 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Нәтижесінде 370 бизнес-жоба іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Партиялық бастамалардың тиімділігі бастауыш ұйымдардың белсенділігі мен ұжымдардың өңір өміріне қатысуына тікелей байланысты. Осыған орай партия филиалы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында өзара әріптестікті одан әрі нығайтуды жалғастырып келеді.
СНХ: БЕРГЕН БЕСПАЛИНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бүгін біз өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың бірі – «НОВОПЭК» серіктестігі базасында жаңа партия ұйымын құрдық. Бұл ұйым бүгінгі күні ұжымдағы барлық қызметкерді біріктіріп отыр. Мұнда жастар да, тәжірибелі буын да қамтылған. Алдағы уақытта біз партиялық жобаларымызды мүшелерімізбен бірге жүйелі түрде жүзеге асырмақшымыз. Партия мүшелерінің қатысуы, ең алдымен, олардың өз қаласы мен өңіріндегі қазіргі оқиғаларға деген азаматтық жауапкершілігін көрсетеді. Сонымен қатар, біздің партия мүшелері әр деңгейдегі депутаттық қызметте белсенділік танытып отыр. Олар аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттары ретінде өңірлік мәселелерді шешуге атсалысады.
РКС: Жиын соңында серіктестіктің жанынан құрылған бастауыш партия ұйымының мүшелеріне салтанатты түрде партиялық билеттер тапсырылды. Осылайша, бүгін шамамен 50 кәсіпорын қызметкері ресми түрде «AMANAT» партиясы қатарына кірді.
РИЗА ЖҰПАРИЯ, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ