ДИКТОР: Апат айтып келмейді. Сондықтан сақ отырған абзал. Наурыздың 30-ы күн күрт жылынады деген болжам бар. Аршалы ауданына қарасты Жібек Жолы ауылы - су басу қаупі жоғары елді мекеннің бірі. Бұған дейін еріген қар суы ауыл көшелеріне кіріп, тұрғындарды әбігерге салған еді. Осы ретте жауапты құзырлы органдардың дайындығы қандай? Жағдай қайталанса, тасқынға тосқын бола ала ма? Мән-жайды тілшіміз біліп қайтты.

РКС: Қазір ауылдағы ахуал осындай. Қар әлі де қалың, кей жерлерде тіпті тау болып үйілген. Ал алда күннің күрт жылынатынын ескерсек, еріген қар суы айналаны басып, қауіп төндіруі мүмкін. Дегенмен, жергілікті билік өкілдері ауылда алдын алу шаралары күшейтілгенін айтады. Қарды шығаруға 37 техника жұмылдырылған.

СНХ: СЕРҒАЛИ БЕКЕНОВ, ЖІБЕК ЖОЛЫ КЕНТІНІҢ ӘКІМІ: Қар шығару жұмыстары жүргізілуде. Мердігермен екінші келісімшартты жасадық. Жұмыс наурыздың 15-і күні басталып, 10 күн ішінде шамамен 200 мың текше метр қар шығарылды. Жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде. Екі ауысыммен жұмыс істейміз, әр ауысымда 37 техника жұмылдырылған. Бұған дейін 45 техникаға дейін тартылған болатын. Мұнда 11 шағын аудан бар. Су тасқыны қаупі бар шағын аудандар анықталды. Негізгі көшелер тазартылды, енді тек тұйық көшелерден қар шығару жұмыстары қалды. Қауіпті болған 3, 4 және 8-шағын аудандарда жұмыстар толық аяқталды.

РКС: Сондай-ақ, мұнда ұзындығы 6,3 шақырымдық қорғаныс дамбасы салынған. Бұл нысан су тасқыны қаупін азайтып, 15 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенді қорғауға мүмкіндік береді. Ал коммуналдық қызмет мамандары тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын айтады.

СНХ: ҚАЛДЫБАЙ АЙТУАРОВ, КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ЖҰМЫСШЫСЫ: Қар көп түсті ғой, мына еріген суды сорып жатырмыз. День-ночь, день ночь. Үлгере алмай жатырмыз. Көше көп. Қазір ночқа шығамыз еще. Бұған дейін болған жоқ. Екі күннен бері күн жылынды ғой, содан бері еріп жатыр. Қай жерге су жиналады, соның бәрін әкетіп жатырмыз. Халықтан жалоба жоқ деп ойлаймын енді.

РКС: Жалпы аймақта су тасқыны қаупі жоғары 7 аудан бар. Сондықтан жауапты органдар су тасқынының алдын алу шараларына ден қойып отыр. Қазір бұл аудандарда су тасқынына тосқын болатын шаралар күшейтілген. Су қоймалары, бөгеттер, дамбалар - мамандардың жіті бақылауында. Дайындыққа 2,5 мыңнан астам адам мен мыңға жуық техника жұмылдырылған. Қазір өңірдегі жағдай тұрақты.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ