ДИКТОР: Бүгін – Халықаралық театр күні. Театр – халықтар арасындағы өзара түсіністік пен татулықты нығайту құралы. Театр қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында кеше Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында жаңа қойылымның премьерасы өтті. Театр ұжымы бұл жолы көрерменге қырғыз драматургы Мар Байжиевтің «Он екінші күн» комедиясын ұсынды.

РКС: Қойылымдағы басты кейіпкерлерді театрдың тәжірибелі әрі көпшілікке танымал актерлері сомдады. Атап айтқанда, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова, Мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбай, Мәдениет саласының үздігі Маржан Бөкешева шеберліктерін паш етсе, жас актерлер сахнадағы жарқын образдарымен ерекшеленді.

СНХ: МАНАРБЕК ҚЫДЫРБАЙ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Бұл қойылымды сахналаудағы басты мақсатымыз театрымыздың данасы, Халық әртісі Жібек Бағысованың репертуарын жандандыру мақсатында қойып отырмыз. Жібек апа былтырғы жылы енді 2025-те 85 жасқа толды. Сол бір мерейтойдың аясында десек те болады, Жібек апамызды көрермендермен қауыштырайық, көрерменмен байланыстырайық деп сахнаға шығарған спектакліміз. Қойылымның көтеретін тақырыбы өте өзекті, бүгінгі таңдағы тіл мәселесі, діл мәселесі. Ата-анасы қазақша білсе де, балалары қазақша білмейтін отбасылар өте көп. Және бұл біздің қоғамның дерті десек те болады. Сол бір өзекті мәселені спектакль арқылы, комедия тілі арқылы, әзіл арқылы жақсы көтерген.

РКС: «Он екінші күн» комедиясының сюжеті қалада тұратын зиялы отбасының өміріне құрылған. Университет профессоры Мұқамбет пен оның жары Сүйімханның Дездемона есімді қызы бар. Алайда қыздың қазақ тілін білмеуі – отбасы үшін үлкен мәселе. Бір күні ата-анасы шетелге аттанбақ болып, қыздарын кімге қалдырарын білмей дағдарысқа түседі. Сол сәтте ауылдан келген әпкелері Болдухан жағдайды жеңілдеткендей болады. Бірақ тілдік кедергі жаңа түйткілдерге жол ашады.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: МАРЖАН БӨКЕШЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ: Лирикалық комедия, өте жеңіл. Бірақ ойға түрткі ететін жерлері өте көп. Ұлттық құндылықтарымыз, тіл мәселесі қозғалады. Негізінде кейіпкерім Сүйімхан. Академик келіншек. Менің мінезіме де, менің мамандығыма да, мүлде керағар. Себебі, мен енді өнер адамымын. Академиктің жолы бөлек, мүлде басқа нәрсе. Жүріс-тұрысымыз да бөлек. Ой-пікіріміз де бөлек, көзқарасымыз да бөлек, жүрген ортамыз да бөлек. Сондықтан маған бұл роль жақын емес, табиғатыма жақын емес. Бірақ зерттеу арқылы, маңайдағы адамдарды көру арқылы енді, процесс қой. Актерлық ізденіс процесіне түсіп, сол академиктің образын шығаруға тырыстық.

РКС: Оқиға әрі қарай күтпеген бұрылыстарға толы болады. Ата-анасы аудармашы ретінде Мұқамбеттің студенті Асқарды қалдырады. Алайда жігіттің өз мақсаты бар – ол Дездемонаға жақындаудың жолын іздейді. Тіл білмеушілік пен әдейі бұрмаланған аудармалар күлкілі әрі шиеленісті жағдайларға ұласып, сахнада нағыз комедиялық ахуал қалыптастырады. Соңында бәрі сәтті шешіліп, түсініспеушіліктер махаббатқа ұласады. Сахналық туындыны тамашалауға жиналған көрермен театр актерлерінің шеберлігіне жоғары баға беріп, қойылымды жылы қабылдады.

СНХ: МИРАС ЖОМАРТҰЛЫ, КӨРЕРМЕН: Бүгінгі спектакль өте керемет спектакль болды. Өте керемет, актерлардың деңгейі өте мықты, жоғары десем де болады. Маған ұнады, өте керемет қойылым, келуге кеңес беремін

РКС: Театрға жиналған қаумалаған қауым рухани азық алып тарқасты.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҮРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ