ДИКТОР: Наурызнаманың онкүндігі аясында аптаның басында "Тазару күні" болды. Бұл күн қоршаған ортаны қорғау, елдімекендерді абаттандыру және экологиялық жауапкершілікті күшейтумен ерекшеленеді. Осы ретте, Көкшетауда "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы өтті. Аталған шарада 200-ге жуық волонтер белсенділік танытты.

РКС: Шара барысында жаңа жағалаудың бойы қоқыстан тазартылды. Бұл қала тұрғындарының жиі келіп, дем алатын орындарының бірі. Одан бөлек, Наурыз мейрамы да дәл осы жерде тойланды. Акция аясында көше тазалығына ғана мән берілмей, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға да ден қойылды, - дейді ұйымдастырушылар.

СНХ: АЯНБЕК ХАЛИХАН, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ Алдағы уақытта да "Таза Қазақстан" акциясы бойынша көптеген жоспарлар бар. Ол жоспар күзге дейін жалғасады. Екі шақырым жолды қоқыстан тазалауға шықтық. Ол жаңа жағалаудан Назарбаев даңғылына дейін.

РКС: Волонтерлер жаңа жағалау бойынан бос пластик пен шыны бөтелкелерді жинап, демалушылар ластап кеткен орындарды ретке келтірді. Мұндай экологиялық шаралар тек қоршаған ортаны қоқыстан тазартып қана қоймай, сонымен қатар жастарды экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруға баулиды.

СНХ: АҚСҰҢҚАР ҚУАТ, "МЕЙІРІМ" ВОЛОНТЕРЛІК ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ: "Таза Қазақстан" акциясын өзіміз қатты қолдаймыз. Қаламыздың экологиясын және тазалығын сақтай отыра, болашақта да қаламыздың жақсы дамып, көркеюіне үлесімізді қосамыз деген ниетпен осы акцияға келіп отырмыз.

РКС: Жыл басынан бері қалада 50-ге жуық тазалық акциясы ұйымдастырылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Алдағы күндері ескерткіштердің маңайы реттеліп, көшет отырғызу және арықтарды тазарту жұмыстары басталады.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ