ДИКТОР: Өңірде Наурыз мерекесі цифрлық форматта атап өтілді. Aqmola Hub-та технология, инновация және стартап мәдениетіне қызығатын жастарды біріктірген «Digital Nauryz» зияткерлік IT-квизі өтті.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Зияткерлік викторина Smart Aqmola домбырашыларының өнер көрсетуімен және Наурызға арналған мерекелік бимен басталып, шараға ерекше жылы атмосфера сыйлады. Салтанатты ашылу квиздің негізгі бөліміне ұласты. Іс-шара өңірдегі IT-қоғамдастықты дамытуға бағытталған бастаманың біріне айналды. Қатысушылар технологиялар, цифрлық трендтер мен стартаптар саласындағы білімдерін сынап, логикалық тапсырмаларды орындады. Шара Kahoot платформасындағы интерактивті ойынды, командалық сайысты және нетворкингті қамтыды.

СНХ: ӘСЕЛ ӘБДІРАХМАНОВА, «АСТАНА ХАБ» АВТОНОМДЫ КЛАСТЕРЛІК ҚОРЫ КӨКШЕТАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Наурыз жаңару мен жаңғырудың символы. Бұл адамдарды білім мен жаңа мүмкіндіктер төңірегіне біріктіретін білім беру және цифрлық бастамаларды іске асыруға ең қолайлы кезең. Іс-шараны Жастар ресурстық орталығы және Digital Aqmola ұйымымен бірлесіп өткіздік.

РКС: Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар жастар арасында технологиялық ойлауды қалыптастырып, IT саласындағы кәсіпкерлікке қызығушылықты арттыратынын айтады. Студенттердің белсенді қатысуы оған айқын дәлелі. Квизге 20-ға жуық жас қатысып, цифрлық білімге деген қызығушылықтарын танытты.

СНХ: АЯЖАН ҚАЛЫШЕВА, ВИКТОРИНА ЖЕҢІМПАЗЫ: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студентімін. Қазір Aqmola Hub-та Наурыз мерекесіне орай үлкен іс-шара өтіп жатыр. Бүгін IT-квест ойнап, бірінші орын алдым. Aqmola Hub атынан худи ұтып алдым. Сұрақтар өте қызықты болып, стартаптар мен Наурыз мейрамы тақырыбын қамтыды. Дәстүрлерімізді еске алып, технологиялар мен стартаптар әлеміне бір сәт еніп шықтық.

РКС: Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталып, барлық қатысушылар достық бәсеке, командалық ойын және еркін пікір алмасу атмосферасын сезінді. «Digital Nauryz» дәстүр мен заманауи технологиялардың үйлесімді тоғысын көрсеткен жастарды білім, инновация және жаңа мүмкіндіктер төңірегіне біріктірген жарқын жобаға айналды.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САНЖАР НҰРПЕЙІСОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ