ДИКТОР: Наурыз мерекесі қарсаңында шаһарда біршама ауқымды іс-шаралар өткізіліп жатыр. Күні кеше 1500 ару жиналып, бес асық ойнады. Бүгін «Халық таңдауы – жарқын болашақ» атты ауқымды облыстық көрме-фестивалі өтті. Іс-шара жуырда өткен референдумның қорытындыларын саралап, оның ел болашағына ықпалын айқындауға негізделген.
РКС: Іс-шараға жастар, қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Одан бөлек белгілі мемлекет қайраткері, ТҮРКСОЙ ұйымының экс-бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, өңірлік коалиция төрағасы Бейбіт Жүсіпов және өзге де белсенді азаматтар қатысты. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов мұндай шаралар халқымыздың ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және жас буынның рухани-мәдени дамуына серпін беруде маңызды роль атқаратынын атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Наурыз бірлік пен татулықтың ізгі ниет пен жаңғырудың мейрамы. Осы шуақты күн әр шаңыраққа шаттық, береке мен молшылық әкелсін. Биылғы Наурыз мерекесі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғамен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – халқымыздың болашағын айқындайтын тарихи кезең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және 2026 жылғы 15 наурыздағы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының іске асыру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды. Бұл қадам еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып, әділетті әрі орнықты қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды бекбұрыс.
РКС: Мәдени бағдарлама да ерекше мазмұнға ие. Шара барысында ұлттық киім дизайнерлері мен қолөнер шеберлері өз жұмыстарын ұсынды. Сонымен қатар музыкалық және би ұжымдары өнер көрсетті.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: СВЕТЛАНА ЕХЛАКОВА, «СВЕТЛАНА» АТЕЛЬЕСІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ: Мәдениет сарайларымен жұмыс істейміз, әрбір нөмірге, әрбір биге жеке-жеке киім тігеміз. Бидің сипатын ескере отырып, өрнектерді арнайы әзірлейміз. Біздің ұжымдар киімдерімізді киіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Барлық ақмолалықты осындай тамаша мерекемен құттықтаймын. Бүгін өте керемет шара өтіп жатыр — ұлттық киімдер фестивалі. Мұнда облысымыздың барлық таланттары қатысып отыр.
РКС: Шара барысында алғаш рет «Сырмақ FEST» көрмесі өткізіліп, қазақтың дәстүрлі ою-өрнек өнері жан-жақты насихатталды. Қоянды ауылынан келген Мина Әбдікерқызы сырмақтың жасалу технологиясын таныстырып, оның әрбір оюының мән-мағынасына тоқталды. Ол өз еңбектері арқылы ұлттық қолөнердің маңызын дәріптеп, ата-баба мұрасын сақтауға үлесін қосып жүр.
СНХ: МИНА ӘБДІКЕРҚЫЗЫ, ҚОЛӨНЕРШІ: Қазақтың сырмағы ежелден бері жалғасып келе жатқан қазақтың негізгі бір қолөнерінің бірі. Сырмақтың пайдасы денсаулыққа пайдалы, суық өткізбейді. Қойдың жүннен басылып істеледі. Сырмақты қазақ төрдің алдына салады. Сырмақты жайып, қонақты күтеді. Қыз жасауына жасайды. Қызды ұзатқанда сол сырмақты гүлдендіріп, қыздың жасауына береді. Сырмақтың маңызы зор.
РКС: Наурызнама шеңберінде өткізілген бұл фестиваль ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды насихаттап, қоғамдағы бірлікті күшейтетін маңызды мәдени платформаға айналғаны анық.
ИНТЕРШУМ:
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ