ДИКТОР: Ақмола облысының Атбасар ауданында арнайы операция барысында полицейлер 200 келі мефедрон тәркіледі. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің қызметкерлері өңірде есірткі өндіретін ірі жасырын зертхананы жойды. Қылмыстық бизнесті ұйымдастырған әкелі-балалы ұсталды.
РКС: 54 жастағы ер адам синтетикалық есірткі дайындау тәсілдерін 26 жастағы ұлына үйреткен. Полиция қызметкерлері ірі көлемді мефедроннан бөлек, 2 тоннадан астам прекурсор, химиялық реактор және зертханалық жабдықтар мен реактивтерді тәркіледі. Сарапшылардың бағалауынша, бұл заңсыз өнім шамамен 600 мың бір реттік доза ретінде таратылуы мүмкін еді. Тәркіленген есірткінің қара нарықтағы құны 5 млрд.теңгеден астам.
СНХ: ДАНИЯР МЕЙІРХАН, ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Бұл есірткі заңсыз айналымға түссе, мыңдаған адамның тағдырына балта шабушы еді. Айта кету керек, прекурсор басқа өңірлерге де жеткізілмек болған. Полиция есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға тосқауыл қоюды жалғастырады.
РКС: Бұл жолы тәртіп сақшылары химиялық затты тасымалдаушылардан бастап өндірісті ұйымдастырушыларға дейінгі қылмыстық топтың барлық тізбегінің жолын кесті. Ішкі істер министрлігі еліміз бойынша есірткі өндірісін ұйымдастырудың кез келген әрекетін қатаң ымырасыз жояды. Есірткі бизнесін ұйымдастырғандарға заңда өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ