ДИКТОР: Көкшетауда студенттерге арналған AI Workshop Nauryz шеберлік сабағы өтті. Танымдық әрі тәжірибеге бағытталған шарада Aqmola Hub мамандары нейротехнологиялар мен промпт-инжиниринг саласындағы өзекті білімдерімен бөлісті. Қатысушылар заманауи жасанды интеллект құралдарын тиімді қолданудың жолдарын меңгеріп, цифрлық дағдыларын жетілдірді.
РКС: Практикалық сабақ барысында студенттер жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, ұлттық салт-дәстүр мен мәдени құндылықтар туралы бейнематериал әзірлеуді үйренді. Aqmola Hub алаңында қатысушыларға prompt engineering — нейрожелілерге нақты әрі сауатты сұраныс берудің әдістері кеңінен түсіндірілді. Мамандар бұл тәсілдің сапалы әрі дәл нәтиже алуға мүмкіндік беретінін көрсетті.
СНХ: ӘСЕЛ ӘБДІРАХМАНОВА, ASTANA HUB АВТОНОМДЫ КЛАСТЕРЛІК ҚОРЫ КӨКШЕТАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Апта сайын кемінде екі воркшоп өткізіледі, соның бірі жасанды интеллектке арналған. Жалпы бұл бағыт өте өзекті. Себебі биыл - цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Қатысушылар қатарында оқушылар, студенттер және жаңа технологияларды меңгергісі келетін ересектер де бар.
РКС: Шеберлік сабағына қатысқан студенттердің нейротехнологиялар бағытына деген қызығушылығы жоғары. Бүгінде жасанды интеллект қоғам өмірінің барлық саласына қарқынды енгізіліп келеді. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттырудың маңызын жастар қауымы да жақсы түсінеді.
СНХ: ВЛАДИМИР БОРИСОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Жасанды интеллект оқу барысында маған үлкен көмек береді. Оны көмекші құрал ретінде жиі қолданамын. Қажетті ақпаратты жылдам табуға мүмкіндік бар. Болашағымды осы саламен байланыстыруды жоспарлап отырмын.
РКС: AI Workshop - тәжірибе алмасу, практикалық білімді жетілдіру және цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған алаң. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар мұндай шеберлік сабақтарын тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ