ДИКТОР: Ақмола облысы аумағында кене энцефалитіне байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты деңгейде сақталуда. Былтыр аурудың жекелеген жағдайлары тіркелгенімен, індеттің жаппай таралуы орын алған жоқ. Дегенмен мамандар биылғы кене белсенділігі кезеңінде тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, табиғат аясына шыққанда қорғану ережелерін ұмытпауға шақырады.
РКС: Былтыр Ақмола облысында кене энцефалитінің зертханалық тұрғыда расталған екі дерегі тіркелді. Бұл – көбіне орталық жүйке жүйесін зақымдайтын табиғи қауіпті дерт. Аурудың инкубациялық кезеңі 21 күнге дейін созылуы мүмкін. Дегенмен адамның иммундық жүйесінің ерекшеліктеріне және жұқтыру жағдайына байланысты алғашқы белгілер кене шаққаннан кейін 7–10 күн аралығында-ақ пайда болады. Өңірде кене шағу жағдайы әлі де алаңдатып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста кене шаққан 867 адам медициналық көмекке жүгінген.
СНХ: ҒАЛЫМБЕК ӘЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Кене шағу деректерінің ең жоғары көрсеткіші Көкшетау қаласында тіркеліп, 238 жағдайды құрады. андықтау ауданында 150 жағдай, ал Зеренді ауданында 83 дерек анықталды. Осыған байланысты кене энцефалиті бойынша эндемиялық аумақ ретінде Сандықтау ауданы белгіленген. Бұл аумақ 2010 жылы ресми түрде бекітілді. Мониторинг қорытындылары негізінде Республикалық эпидемиологиялық жағдайды мониторингтеу орталығы тиісті шешім қабылдап, Сандықтау ауданын эндемиялық аймақ ретінде бекітті. Аталған аумақта жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде 99 гектар аумақта профилактикалық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген дезинфекциялық шаралардың нәтижесінде Сандықтау ауданында кене энцефалитімен сырқаттану жағдайлары тіркелмеген.
РКС: Өңірде халықты жоспарлы вакцинациялау және ревакцинациялау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Медициналық ұйымдарда кене шаққаннан кейін шұғыл профилактика үшін қолданылатын иммуноглобулин қоры жеткілікті. Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну және вакцина алу – кене энцефалитінен қорғанудың негізгі жолдары.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САНЖАР НҮРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ