ДИКТОР: Тауар қауіпсіздігі, қызмет көрсету сапасы, тұтынушылар құқығын қорғау және қоршаған ортаны сақтау мәселелері - тұрақты комиссия отырысында көтерілді. Жиында «Наурыз Сейлс» республикалық акциясы мен туристік қызмет көрсету саласындағы бірқатар түйткілдер талқыланды.

РКС: Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне былтырдан бері тұрғындардан 800-ге жуық арыз-шағым түскен. Оның 83 пайызы оң шешімін тауып, нәтижесінде азаматтарға 80 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған. Мамандардың айтуынша, шағымдардың басым бөлігі электронды сауда арқылы сатып алынған тауарлардың сапасына қатысты.

СНХ: САМАТ САЙДАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – массаж жапқыштары мен аэрогрильдердің сатылымы. Көп жағдайда бұл өнімдердің тиісті құжаттары болмайды. Саудагерлер тұрғындарды, әсіресе егде жастағы адамдарды жинап, тауарды несиеге алуға үгіттейді. Алайда нәтижесінде жарнамада көрсетілген түпнұсқа емес, оның баламасы жеткізіледі. Осындай жағдайлар бойынша әрбір өтініш жеке қаралып, тұтынушыларға қаражатты қайтару бойынша көмек көрсетіледі.

РКС: Жиында туристік қызмет көрсету саласындағы мәселелер де қозғалды. Атап айтқанда, демалыс орындарына өз тағамы мен сусынын алып кіруге қатысты талаптар, сондай-ақ алдын ала төлем жасалғанымен, түрлі себептермен демалысқа бара алмаған жағдайда қаражатты қайтару тетіктері талқыланды.

СНХ: САМАТ САЙДАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Туристік қызметтер бойынша туризм және спорт басқармасымен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Кәсіпкерлерге түсіндіру шаралары қолға алынған. Егер тұтынушы күтпеген жағдайларға байланысты демалысқа бара алмаса, төленген қаражат толық көлемде қайтарылуы тиіс. Алайда бұл талапты сақтамайтын кәсіпкерлер де кездеседі.

РКС: Қоршаған ортаны қорғау бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Мамандар алдағы үш жылға арналған кешенді шаралар жоспарын әзірлеген. Жоба аясында атмосфералық ауаны қорғау, су нысандарын сақтау және қалдықтарды тиімді басқару секілді маңызды бағыттар қамтылған.

СНХ: БАТЫРЖАН ӘБІЛПЕЙІСОВ , ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Аршалы ауданындағы Анар станциясы маңында орналасқан су өткізу құрылыстары бар қорғаныс бөгетін қайта жаңғырту көзделуде. Сонымен қатар, Бұланды ауданындағы «Прохоров-Колоколов» бөгетіне күрделі жөндеу жүргізу, Бурабай ауданындағы Веденов бөгетін реконструкциялау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Нұра өзенінің арнасын тазарту және Қаражар ауылын қорғау құрылыстарын салу жобалары дайындалуда.

РКС: Жиын барысында көтерілген мәселелер қызу талқыға түсті. Бұл мәселелер тиісті органдардың бақылауына алынды.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ